Наурыз мерекесінде Түркістанда халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді

0
618

Этноқалашықта мазмұнды іс-шаралар өтеді.


Наурыз мерекесінде Түркістанда халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді

Наурыз мерекесінде Түркістанда халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


20-22 наурыз күндері І «KAZAGRO/ KAZFOOD TURKISTAN» халықаралық көрме-жәрмеңкесі өтеді. Наурыз мерекесінде өтетін маңызды іс-шараға Түркия, Ресей, Өзбекстан, Венгрия бастаған жалпы 20-ға жуық мемлекеттен делегациялар келіп қатысады деп жоспарланып отыр. Сонымен бірге еліміздің барлық өңірінен ауыл шаруашылығы саласының өкілдері, инвесторлары, тауар өндірушілері қатыспақ. Түркістан облысының әкімі аталған көрме-жәрмеңкені ұйымдастыру жұмыстары бойынша жиын өткізіп, дайындық жұмыстарын пысықтады.


«Түркістан қаласын Түркі әлемінің рухани-мәдени орталығына айналдыру жұмыстары жүріп жатыр. Бұл көрме-жәрмеңкені жоғары деңгейде ұйымдастыруға күш саламыз. Наурыз мерекесінде жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу мәселесін де қарастырамыз. Ауыл шаурашылығы, кәсіпкерлік салаларын дамытуға бағытталған бастамаларға қолдау көрсетіледі», – деді Дархан Сатыбалды.


25 жылдан бері көрме ұйымдастырумен айналысып келе жатқан маман, «ExpoGroup» компаниясының директоры Шолпан Қожабаеваның айтуынша, ауыл шаруашылығы саласы бойынша кең ауқымды көрмелер Астана және Алматы қалаларында ғана өткізілген. Енді үшінші болып Түркістан шаһарында ұйымдастырылмақ.


«Бірінші халықаралық «KazAgro/KazFood Turkistan» халықаралық көрме-жәрмеңкесін өткізуге Түркістан қаласын таңдауымыздың мәні бар. Біріншіден, Түркістанның тарихы тереңде, ол – Ұлы Жібек жолының бойындағы сауда орталығы. Тарихи және туристік орындары көп. Екіншіден, Наурыз мерекесін ұйымдастыруға осы аймақта ауа райы өте қолайлы. Қазірдің өзінде алыс-жақын шет мемлекеттер осы көрмеге қызығушылық танытып отыр. Барлық облыстан да делегациялар келеді. Іс-шара аясында ауыл шаруашылығы бойынша шетел инвесторлары мен кәсіпкерлерімен іскерлік кездесулер ұйымдастырылады. Қазақстанның үздік қолөнершілері керамикадан, жүннен, темірден және шыныдан бұйымдар жасау, кілем тоқу бойынша түрлі шеберлік сағаттарын өткізеді. Ұлттық тағамдар мен киімдеріміз жұртшылық назарына ұсынылады. Ауыл шаруашылығы, жылыжай шаруашылығы, ветеринария, сауда, кәсіпкерлік салалары бойынша да түрлі келіссөздер жүргізіліп, ұсыныстар талқыланады. Шетелден және елімізден жүздеген өкілдердің келуі өңірде туризм саласын дамытуға да серпін бермеді. Себебі өңірдегі тарихи орындар туралы сұрап жатқан шетелдіктер бар», – дейді Шолпан Қожабаева.


Халықаралық көрме аясында Түркістанда өңірлер мен түркі елдерінің қатысуымен іс-шаралар өтеді. Ұлыстың Ұлы күні атап өтіліп, гастрофестиваль, қайықтар және отшашулар шоуы, ұлттық спорт сайыстары, тарихи орындарға саяхаттар ұйымдастырылады. Өнер жұлдыздарының қатысуымен концерттік бағдарламалар ұсынылады. Этноқалашықта мазмұнды іс-шаралар өтеді. Агрофорум ұйымдастырылып, шаруа қожалықтарында тәжірибе алмасу турлары да жоспарланған.


Көрмеге әлемнің және көршілес елдердің танымал компаниялары мен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілері үздік өнімдерін, техникаларын әкеледі деп күтіліп отыр. Сусындар, шырындар, су, шай, кофе, тағамдық қоспалар, тамақ және сусын өндіруге арналған жабдықтар, тоңазытқыш, сауда және қойма жабдықтары, ауыл шаруашылығы техникасы мен жабдықтары және олардың қосалқы бөлшектері жеткізіледі. Шағын ауыл шаруашылығы кәсіпорындары, фермерлік шаруашылықтар, саяжай учаскелері үшін механикаландыру құралдары. Суару және дренаж жүйелерін жетілдіру, егінді жинау және сақтау жобалары мен құрылғылары, қайта өңдеу өнеркәсібіне арналған жабдықтар, ұн тарту жабдықтары әкелініп, жылыжай шаруашылығы, өсімдік шаруашылығындағы технологияның экологиялық аспектілері, суару және заманауи тұқым шаруашылығы жүйесі де түсіндірілмек. Осы арқылы ауыл шаруашылығында қайта өңдеу көлемін арттыру, Түркістан облысының ауыл шаруашылығына инвестиция көлемін ұлғайту, өңірде агро және іскерлік туризмдерін дамыту көзделген.