Назарбаев сыйға тартқан бұғылар көбейіп жатыр

0
3 579

Арыс қаласында орналасқан 10 га жерге тұқымбақ салынған. Сонда оншақты бұғыны бір-екі жыл ішінде көшіру жаспарлануда.


Назарбаев сыйға тартқан бұғылар көбейіп жатыр

«Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне қарасты Түркістан филиалында күтіп-бапталып жатқан Бұхар бұғыларының саны 155-басқа жеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Оның ішінде 84 бас бұғы ішкі қоршауда, 71-і табиғи аймаққа жіберілген. Тұқымбақ аумағы 22 га жер телімін құрайды. Облыс әкімдігі мен «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» мекемесінің ұйытқы болуымен журналистер мен блогерлерге табиғат аясында пресс-тур ұйымдастырылып, аталған тұқымбақта болған БАҚ өкілдері бұғылар тіршілігіне қызығушылақ танытты. 2001 жылы бүкіл дүниежүзілік жабайы аңдарды қорғау қорының ғалымдары және Алматы зооғылымизерттеу институты ғалымдары бірлесе отырып құрған Бұхар бұғысы тұқымбағындағы бұғылар фототұзақ арқылы суретке түсіріліп, фотосуреттер мұрағатқа сақталады.

- Бұғылардың төлдеу уақыты мамыр айының соңы мен маусым айының басында. Арыс қаласында орналасқан 10 га жерге тұқымбақ салынған. Сонда оншақты бұғыны бір-екі жыл ішінде көшіру жаспарлануда. Біздің басты мақсатымыз Қазақстанның Қызыл кітабына енген бұғылардың көбеуіне, жойылып кетпеуіне жағдай жасау. Елбасымыз Н.Назарбаев Түркістан қаласының 1500 жылдық мерейтойына орай табиғи паркке сегіз Бұхар бұғысын сыйға тартқан болатын. Сонымен қатар бұл жерде қырғауыл тұқымбағы бар. Онда 32 бас қырғауыл болса, 2019 жылы 1000 басқа жеткізу көзделіп отыр,-деді «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» КММ-нің жануарлар әлемін қорғау бөлімінің меңгерушісі Мейрамбек Опабек.
Бұхар бұғылары Әмудария мен Сырдарияның ортаңғы және төменгі ағысындағы тоғайларда, Қызылқұмды мекендеген далалық жануар. 1956 жылы ауланып, жойылған. Қызылшаруа орманшылығындағы Бұхар бұғыларының үстіміздегі жылы тоғыз бас бұзау төлдегені анықталған. Ал, 2017 жылы бұғылардың жиырма бас төлдегені белгілі болды. Аналық бұғылардың саны аталыққа қарағанда басымырақ екен. Олар әрдайым мамандардың бақылауында. Бұғыларға күніне екі мезгіл - камбикорм, қырққабат, қызылша, картоп, жем-шөп беріледі. Мұнда бір аға бұғышы, екі көмекшісі, мал дәрігері, филиал тарапынан аң қорғау инженері жұмыс жасауда.
17 жыл бойы аға бұғышы (бұғы бақташысы) қызметін атқарып жүрген Мұсахан Жүзеевтің сөзінше қоршаудағы бұғылардан табиғи жағдайда өмір сүрген бұғылардың күш-қуаты мол болатын көрінеді. Ол тұқымбаққа әкелінген бұғылардың бірнешеуіне - Мөлдір, Дастан, Арай деп атағанын айтты сұхбат барысында.
Айта кетейік, кез келген адамға мұнда келіп табиғат аясында демалуға мүмкіндік бар. Кіру ақылы. Адам басына - 442 теңге, автокөлігіңіз үшін қосымша 100 теңге төлейсіз. Оқушыларға елу пайыз жеңілдік қарастырылған. Туризмді дамытып қала қонақтары мен туристтерді көптеп тарту мақсатында арнайы үй салынған. Үйді жалға алу құны шамамен 8-10 мың теңге көлемінде. Түркістан қаласы мен Қызылшаруа елді мекеніне дейін асфальт жол болса, ары қарай тұқымбаққа дейінгі аралық - далалық жол. Алдағы уақытта далалық жолдарға асфальт төселеді деп жоспарлануда.