Нұр-Сұлтан қаласынан жіберілген «Қамқорлық» көмек керуені Арыс қаласына жетті

0
1 854

Керуенді әнші - сазгер Арман Дүйсен, әнші Индира Елемес бастап келді.


Нұр-Сұлтан қаласынан жіберілген «Қамқорлық» көмек керуені Арыс қаласына жетті

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласынан Түркістан облысына «Арыс, біз біргеміз!» гуманитарлық көмек мақсатындағы «Қамқорлық» атты көмек керуені жетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Көмек керуені жөнелту барысына белгілі Олимпиада чемпионы Серік Сапиев, ақын Маржан Ершу, Арыстағы оқиғаға байланысты Ресейден арнайы келген «Муз-ТВ» телеарнасының бас директоры Арман Дәулетияров, танымал мәдениет өкілдері Медет Чотабаев, Ернар Садырбай, Алмас Кішкенбаев, Сәкен Майғазиев, Майра Ильясова, Ардақ Балажанова, Клара Толенбаева, Бауыржан Исаев, Қыдырәлі Болман, Әділ Ахметов, Ержан Максим және т.б. қатысқан болатын.
Арыстықтарға қолдау білдіру шарасында Мәскеуден арнайы ұшып келген МУЗ-ТВ» арнасының директоры Арман Дәулетияров «Ұшақтан жаңа ұшып келдім. Арыстағы оқиға біздің ортақ қайғымыз. Қазақ болғандықтан емес, қарапайым адам ретінде арыстықтардың қайғысын бөліскіміз келеді. Өз тарапымыздан көмек бердік. Ешбір жерде мұндай қайғы болмасын» деп атап өткен.
Бұл керуен ҚР Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты бірнеше мекемелерден жасақталған. Аталмыш штабтың жұмысы зиялы қауым өкілдерімен бірге Арыс қаласында зардап шеккен жандарға рухани қолдау жасау үшін арнайы кездесулер өткізеді.
Естеріңізге салсақ, бұған дейін де Алматы қаласынан Мәдениет және спорт министрлігіне қарасты мекемелерден жасақталған «Арыс, біз біргеміз!» атты гуманитарлық көмек автокеруендері Түркістан облысына келген болатын.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Рахметоллақызының бастамасымен Арыстағы зардап шеккен жандарға көмек ретінде бірқатар шаралар ұйымдастырылуда. Министрлікке бағынысты ұйымдардың қызметкерлері бір күндік жалақыларын апат аймағына аударып отыр. Сонымен қатар «Арыс, біз біргеміз!» атты гуманитарлық көмек акциясы аясында автокеруендер жөнелтілуде. Зардап шеккен ағайынға дайындалған көмек керуенінде балаларға, ерлерге, әйелдерге арналған киім-кешектер, азық-түліктер, жеке басқа арналған гигиеналық заттар тағы да басқа көптеген қажетті заттар бар.
Сондай-ақ, эвакуацияланған жергілікті тұрғындар мен әскерилердің демалыстары уақытында ұлттық фильмдердің көрсетілімі ұйымдастырылуда.
27-30 маусым күндері Алматы облысы Панфилов қаласында ұлттық ат спорт түрлері түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионатын өткізу жоспарланып отыр. ҚР этноспорт Қауымдастығы спортшылар атынан ақша қаражатын зардап шеккен тұрғындарға аударатын болады.
28 маусым күні Нұр-Сұлтан қаласында MMA М1 Global Challenge бойынша кәсіби турнир өтеді. Қазақстаннан қатысатын кәсіби спортшылар жүлделік қаражаттарын Арыс қаласының балаларына аударады.
5 шілде күні Алматы қаласында Қанат Исламның WBO Intercontinental титулы үшін кәсіби жекпе-жегі өтеді. Сондай-ақ, Қазақстанның кәсіби спортшылар Арыс қаласының тұрғындарын қолдайтын болады.
25 маусым-6 шілде аралығында барлық азаматтар үшін «Арыстанбаб», «Әзірет-Сұлтан» және Түркістан облысының тарихи және мәдени нысандарына тегін кіру мүмкіндігі қарастырылды.