Нұралхан Көшеров Кентау тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді

0
331

Биыл Кентауда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 ауылда құны 7 жоба іске асырылады.


Нұралхан Көшеров Кентау тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді

Нұралхан Көшеров Кентау тұрғындарымен кездесіп, жеке қабылдау өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Кентау қаласының тұрғындарымен кездесу өткізіп, кенді шаһарда тұрғындарды жеке қабылдады. Кездесуде қаланы дамыту жолдары сараланып, тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалды. Облыс әкімі Кентаудың мүмкіндігі толық пайдаланып, өндірісі пен кәсіпкерлік саласы дамыған қалаға айналдыру міндет екенін жеткізді.


– Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Үкіметтің кеңейтілген отырысында экономиканы әртараптандыру, инфрақұрылымды дамыту, агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін арттыру бойынша нақты тапсырмалар берген болатын. Осы бағытта Кентау қаласында іске асырылып жатқан мемлекеттік жобалар мен бағдарламаларға қысқаша тоқталсам, «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 2024 жылы 3 елді мекенде 6 жоба іске асырылды. Нəтижесінде 3 елді мекендегі 22 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қарнақ ауылында мәдениет үйінің құрылысына 107 млн. теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары басталды. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 25 млн. теңгеге 4 жоба қаржыландырылды. 2025 жылы 477 млн. теңгеге 97 жобаны қаржыландыру жоспарлануда. Былтыр шаһарда жалпы өңірлік өнім көлемі 13,5 пайызға өсті. Шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 6600-ге жетті. Олардан өндірілген өнім көлемі 8 пайызға өскен. Құрылыс жұмыстарының көлемі 9,7 пайызға артса, өнеркəсіп өнімінің көлемі 20 пайызға артқан. Өңдеу өнеркəсібі өнімінің көлемі 21 пайызға ұлғайған. Кентаудың өндірістік әлеуеті өте жоғары. Өндіріс орындарын ашу, инвестиция тарту жұмыстарын күшейту керек, – деді Нұралхан Көшеров.


Биыл Кентауда «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында 4 ауылда құны 7 жоба іске асырылады. Қарнақ, Құсшы ата, Байылдыр жəне Хантағы ауылдарында 27 көшенің орташа жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Кентау қаласындағы ішкі орам жылу жүйелерін қайта құру жұмыстары жүргізіледі. Бұдан бөлек Хантағы, Қарнақ, Байылдыр ауылдары табиғи газбен қамтылады. Сонымен қатар 8 аулаға спорт жəне ойын алаңшалары орнатылады.


Кездесуде Кентау қаласының әкімі Жандос Тасов атқарған жұмысы бойынша есеп берген соң тұрғындардың өтініштері мен сұрақтары тыңдалды. Кентаулықтар газбен қамту, инфрақұрылымды жақсарту, әлеуметтік нысанды жөндеу, жұмыспен қамту, кәріз жүйесін реттеу, тұрғын үй салуға жер бөлу және өзге де мәселелерді көтерді.


Осы күні Нұралхан Көшеров тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Кейбір мәселелер сол сәтте жауабын тапса, қалғаны хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды.


Айта кетейік, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің облыс тұрғындарымен кездесулері барлық аудан, қалада жалғасады. Жеке қабылдауға «еOtinish» бірыңғай базасы арқылы немесе «Ашық әкімдік» кеңсесіне келіп, жазбаша өтініш тастау арқылы жазылуға болады.

Бөлісу