ERNUR.KZ. Мақтааралда "Жан жылуы" қайырымдылық акциясы аясында жергілікті кәсіпкерлер мен мемлекеттік мекемелер 100-ден астам аз қамтылған отбасыға азық-түлік үлестірді. 1 наурыз - Алғыс айту күніне орай онкүндік өткізу мақсатында Мақтарал ауданының қала, кент, ауылдық округтерінде қайырымдылық шаралары өтті.
"Ең алдымен, бұл іс-шара халықты мейірімділікке, қайырымдылыққа шақырса, түрлі этнос өкілдерін, әртүрлі таптағы адамдардың қарым-қатынасын жақсартады. Мәселен, депортация жылдары ата-бабалары Қазақстанға қоныс аударып, кейіннен осында туып, осында өніп-өскен ауқатты тәжік ұлтының өкілі әлеуметтік жағдайы төмен қазақ отбасына құны 300 мың теңгеден астам қаржылай көмек және балаларға киім-кешек, велосипед алып бермекші. Міне, бұл өзге ұлт өкілдерінің қиын шақта құшағын ашып, қонақжайлығын көрсеткен жергілікті қазақ отбасына деген алғысының көрінісі!" - деді аудан әкімінің орынбасары М.Жолдасбеков.
Сондай-ақ, қайырымдылық акцияның қорапшасына түскен қаржыға оқуға керекті заттар алынып, мүмкіндігі шектеулі балаларға таратылды.