​Өмірзақ Шөкеев: Түркістан жасыл қалаға айналып келеді

0
1 148

Жыл сайын отырғызылатын көшеттер алаңы ауқымданып, көне шаһар жасыл қалаға айналып келеді.


​Өмірзақ Шөкеев: Түркістан жасыл қалаға айналып келеді

Түркістан қаласының жасыл аумағында жеміс ағаштарын, соның ішінде алма мен алмұрт, өрік пен шие көшеттерін отырғызу жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жыл сайын отырғызылатын көшеттер алаңы ауқымданып, көне шаһар жасыл қалаға айналып келеді. Қаланы бау-бақшаға бөлеуге бау баптаған бағбандар атсалысуда. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев қаланың абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарын тексерді. Дәл осы мақсатта қала 32 секторға бөлінген болатын. Әрқайсысы бойынша аудан, қала әкімдіктері мен басқарма басшылары жауапты.

Барлығында бекітілген іс-шара жоспар бойынша қызу жұмыс жүріп жатыр. Қала қоқыстан тазартылып, гүлзарлар жаңаруда. Жауапты сектор жетекшілері жарық шамдар қойып, орындықтар мен қоқыс жәшіктерін орнатылып жатыр. Ретсіз тұрған бетон қадалар мен тас тіреуіштердің орны тегістеліп, жаңартылған. Аяқжолдар мен вело жолдар төселіп, айналасына көшеттер егілді. Субұрқақтар орнатылып, жаңадан аялдамалар қойылған. Сондай-ақ, сектор жауаптылары автотұрақтарды ретке келтіріп, талдардың түптерін қопсытуда. Қалада тұрақты түрде сенбіліктер өтеді.

Қазіргі таңда Түркістан маңында 8 мыңға жуық гектар жерге ағаш отырғызылған. Көне шаһардың «жасыл белдеуінің» жалпы көлемі екі есе артпақ. Түркістанмен бірге қалыптасып, бірге бой көтерген «жасыл белдеуге» барған Өмірзақ Естайұлы егілген көшеттердің суарылуына аса мән беруді қадап айтты.

«Шаһар тұтастай көгалдандырылады. Түркістан нағыз жасыл қалаға айналып келеді. «Жасыл белдеу» - халықтың таза ауамен тыныстануына мүмкіндік беретін «өкпесі» болады. Қаланы желден, шаңнан қорғайтын көпжылдық ағаштар отырғызылды. Бұл келер ұрпағымыз үшін де өнеге болып қала бермек. Жалпы, қалада саябақтар мен гүлзарлар көбейіп, ел игілігіне берілген. Тұрғындар тазалықты сақтауды өз ауласынан бастап, жанашырлық танытса, бүгінгі жасалып жатқан дүниелер жылдар бойы сақталары сөзсіз», - деді облыс әкімі.

Түркістан аумағында қала климатына тез бейімделетін екпе көшет және көпжылдық гүлдейтін шөптер сұрыпталған. Атап айтқанда, емен, қайың, ұсақжапырақты шегіршін, үлкенжапырақты шегіршін, қарағай, жіңішкежапырақты жиде, терек, үйеңкі, қытай шағаны, салғылт қарақат және т.б отырғызылды.