ОҚО-да республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті

0
3 570

Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 20 гектар жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Тарихта бұл жерді «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп атаса, қарымды қаламгер М.Байғұт бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді.


ОҚО-да республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті

Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданында «Ақсу-Жабағылы алауы, Шұбайқызыл жалауы» республикалық Қызғалдақ фестивалі өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласындағы «Туған жер» бағдарламасы аясында өткізіліп отырған іс-шара жастарды табиғатты аялап қорғауға шақыру арқылы жаңа қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуге белсене атсалысу мақсатында өткізіліп отыр.

«Шұбайқызыл шоқысы еліміздің «Қызыл кітабына» енгізілген грейг қызғалдағы ең көп өсетін аумақ. Бұл қызғалдақтар Қазығұрт, Төлеби, Бәйдібек өңірлеріндегі таулы аумақтарда кездеседі. Қызғалдақ гүлі қазақ халқының түсінігінде – көктемнің, жаңа өмірдің, көрікті тіршіліктің жаршысы болып есептеледі. Осындай әсем табиғатты аялап, туған жерді қадірлеу баршамыздың міндетіміз. Сондықтан да биылдан бастап әр аймақта қоғамдық сананы жан-жақты және түбегейлі жаңғыртуға бағытталған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ауқымды шаралар өткізу және оларды дәстүрге айналдыру көзделіп отыр», - деді Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған облыс әкімі Ж.Түймебаев.

«Текті төрім - Түлкібасым» театрландырылған - хореографиялық қойылыммен бастау алған іс-шарада «Шұрайлым - Шұбайқызылым» жас қаламгерлер байқауының жеңімпаздары марапатталып, көрермендерге арналған концерттік бағдарламамен ұласты.

Сондай-ақ, жастарға оның тарихы жайлы мағлұмат беріліп, жас ақындардың өлеңдері оқылып, табиғат тақырыбында көрме мен жас суретшілердің сурет байқауы өткізілді.








Жалпы іс-шараға 5 мың шамасында адам қамтылды. Сонымен бірге келушілер қылқалам және фото суретшілердің көрмесі мен мемлекеттік табиғи парктер шеруін тамашалады.

Жылына бір рет небәрі 10-15 күн ғана гүлдейтін қызғалдақтар тіршілік жаңарған шақта 20 гектар жерді алып жатқан алқап қызыл кілемге оранғандай әсем түрге енеді. Тарихта бұл жерді «Красная горка», кейіннен «Қызыл төбешік» деп атаса, қарымды қаламгер М.Байғұт бастамасымен «Шұбайқызыл шоқысы» атауы қайта берілді. Бүгін аталған төбеге "Қызғалдақ" белгісі орнатылды.