ОҚО жыл соңында сандық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшеді

0
1 277

79 радиотелевизиялық станциялар салынып, олардың тарату аумағы 2,4 млн. халық тұратын 860 елді мекенді қамтыды.


ОҚО жыл соңында сандық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшеді

Бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің БАҚ саласындағы мемлекеттік саясат департаменті директоры Елдос Нәшірәлінің және «Қазтелерадио» АҚ-ның тұтынушыларды қолдау және сату орталығы директоры Ғани Тұматовтың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Брифингте спикерлер облыстың сандық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшуі желтоқсан айына жоспарланғанын хабарлады.

Спикерлер жаңа форматқа көшуді қамтамасыз ету үшін үлкен жұмыстың атқарылғандығын атап өтті. Атап айтқанда, 79 радиотелевизиялық станциялар салынып, олардың тарату аумағы 2,4 млн. халық тұратын 860 елді мекенді қамтыды. «Телерадио хабарларын тарату» Заңында телерадионың хабар таратуы жаңа форматқа көшетінін халыққа алдын - ала хабарлау керектігі көрсетілген. Осыған байланысты облыс әкімдігінде жиын өтіп, онда сандық эфирлік телерадио хабарларын таратуға көшуді қамтамасыз ету іс-шаралар жоспары бекітілді.

«Сандық эфирдің аналогтық жүйеден айтарлықтай артықшылықтары бар. Атап айтқанда, сандық технология арқылы жоғары сападағы бейне мен дыбысқа қол жзеткіземіз. Сондай-ақ, таралымы ауқымды және әлдеқайда көп телеарналарды көру мүмкіндігі туады. Мәселен, облыс орталығында 30 арнаға дейін, ал ауылдағы көрермендер кемінде 15 арнаны тамашалай алады», – деді Елдос Нәшірәлі.

Қазіргі уақытта облыста дайындық жұмыстары жүргізілуде. Осы жылдың аяғына дейін Манғыстау, Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстарының сандық таратылымға көшуі жоспарлануда.