Ө.ШӨКЕЕВ: «Мақтааралда ауыл шаруашылығын бұдан да жақсы дамыта түсуге мүмкіндік мол»

0
563

Өңір басшысы бұл мәселеге де арнайы тоқталды.


Ө.ШӨКЕЕВ: «Мақтааралда ауыл шаруашылығын бұдан да жақсы дамыта түсуге мүмкіндік мол»

Өмірзақ Шөкеев «Amanat» партиясының Мақтаарал ауданындық филиалында мақтааралдықтармен арнайы кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев аудан, қалаларға жұмыс сапарында жергілікті ақсақалдармен, тұрғындармен кездесіп, еркін пікір алмасуды әдетке айналдырған. Бұл жолы «Amanat» партиясының Мақтаарал ауданындық филиалында мақтааралдықтармен арнайы кездесіп, олардың өтініштері мен ұсыныстарын тыңдады. Облыс басшысы қазіргі таңда жергілікті әкімдердің алдында тұрған ең басты міндет – жұмыс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамту екенін айтты.


«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге барлық аудан, қалаға барып, тұрғындармен кездесіп, ашық әңгімелесуді тапсырды. Бұл аймақты өте жақсы білемін. Су тасқыны болған кезде әр апта сайын осында келіп жүрдік. Әр көшесін білемін деп айтсам болады. Үлкен жұмыстар атқарылды. Барлық бағытта жұмыс жүріп жатыр. Дегенмен шешілмеген де мәселелер бар. Біз осыған байланысты Мақтаарал ауданы басшылығын шақырып, Түркістанда мәселелерді егжей-тегжейлі талқыладық. Артынша өздеріңізбен кездесіп, мәселенің мән-жайына көз жеткізу үшін келіп отырмыз. Ауданның қойып отырған біраз жобалары бар. Мектеп салу, кәріз жүйелерін жасау, тұрғын үй салу, жолдарды түзету бойынша ұсыныстар айтылды. Әрбір айтылған ұсыныс зерделеніп, халыққа нақты маңыздылары және жұмыс орнын молайтатын жобаларға көмектесеміз. Әрбір аудан әкіміне жұмыс орындарын көбейту міндетін жүктеп отырмыз», – деген Өмірзақ Шөкеев Мақтааралда ауыл шаруашылығының әлеуеті өте зор екеніне де тоқталды.


Бүгінде Мақтаарал ауданында ауыл шаруашылығы саласының даму қарқыны жақсы. Әйтсе де бұл бағытта жұмысты күшейте түсу керек. Өңір басшысы бұл мәселеге де арнайы тоқталды.


«Сіздермен кездесу алдында ірі жылыжайдың жұмысымен таныстым. Ол шаруа өз отбасымен қатар бірнеше отбасыны жұмыспен қамтып отыр. Осы бағытта жұмыс атқару қажет. Әр үйдің іргесінде жер бар. Соларды тиімді пайдалану керек. Бүгін осы және өзге де мәселелерді сіздермен ақылдасу үшін арнайы келдік. Мақтаарал ауданына соңғы жылдары мемлекеттік деңгейде қолдау көрсетіліп, қаржы құйылды. Аудан орталығы бұрынғыдай емес, орталыққа ұқсап келеді. Әлі де тиімді жобаларға қолдау көрсету жалғасады», – деген Ө.Шөкеев тұрғындардың ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді.


Сонымен қатар әкім орынбасарлары мен басқарма басшылары да тұрғындардың әрбір өтінішін тыңдады. Олар хаттамаға енгізіліп, тиісті жұмыс жүргізіледі.