Ө.Шөкеев мәселені шешпесе, АШТЫҚ ЖАРИЯЛАЙМЫЗ - түркістандық тұрғын

0
1 085

«Сізді бұл ойландырмай ма Естай көкемнің ұлы, халықтың әкімі Өмірзақ мырза?».


Ө.Шөкеев мәселені шешпесе, АШТЫҚ ЖАРИЯЛАЙМЫЗ - түркістандық тұрғын

Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тұрғындары мәселелерінің бірнеше жылдан бері шешілмегеніне наразы, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.


Бәйдібек ауданы, Шаян ауылының тұрғыны Полатбек Шілменов 4 жылдан бері шешімін таппаған мәселесі бір жақты болмаса, отбасы мүшелері және көршілерімен бірге аштық жариялайтынын айтып отыр. Аудандық әкімдік, сот, прокуратура сынды құзырлы мекемелердің табалдырығын тоздырып, облыс әкімінің орынбасары Арман Жетпісбаевтың қабылдауында болған азамат басшылардың тапсырмасы орындалмай жатқанын айтты. Полатбек Әбдіхадырұлының айтуынша, оны мұндай әрекетке үйінің дәл түбіне, яғни 1,5 метр жерге салынған кәсіптік нысанның кері әсері итермелеп отыр.


«2019 жылы Еркін Кәрібай есімді азамат көрші орналасқан тұрғын үйінің орнына футбол алаңшасын заңсыз салып, қолданысқа берді. Ол нысан мен менің үйімнің арасы ары кетсе бір жарым метр. Алаңдағы ойыншылар мен жанкүйерлердің айқай-шуы бізге күндіз-түні демалуға мұрша бермейді. Бастапқыда бұрыннан таныс Еркін Кәрібайға өзімізше ескертіп көрдік. Бірақ ол біздің талабымызға мүлдем құлақ аспай, кейіннен тіпті қоқаңлоқы жасайтын болды. Содан кейін Шаян ауылдық әкімдігіне, сәулет-құрылыс, жер қатынастары бөлімдеріне, аудандық сот пен прокуратураға ресми хат жазып, тыныштығымызды алған ойын алаңшасын бізден алыстатуды сұрадық. Бірақ, қанша рет тексеру жүргізілсе де, тырнақтай болсын нәтиже шықпады. Керісінше үйімізге бірнеше рет басып кіріп, күш көрсеткен кәсіпкердің үстінен жазған арызымызға қатысты құзырлы органдар ешқандай шара қолданбады», - дейді Полатбек Шілменов.

Жәбірленушінің айтуынша, бұл іс облыстық сотта қаралып, нысанның заңсыз салынғаны анықтылып, облыс әкімінң атына қорытынды қабылдау туралы хат жолданатыны жөнінде шешім қабылданған. Алайда, онысынан да нәтиже шықпапты. Ал, Бәйдібек ауданының әкімі наразы тұрғындарды жұбатудан басқаға шамасы келмей отырған көрінеді.


«Менің отбасымда мүгедек әйелім, ұлым мен қызым, келінім, кішкентай немерем бар. Біздің адами деңгейде өмір сүруімізге қандай жағдай жасай аласыз? Әлде құдайдан сұрап отыра береміз бе? Қазір осы көшеде мешіт салынып жатыр, спорт нысанымен арасы 130 метр. Имандылық үйі мен жын ойнаққа айналған спорт кешені келешекте қалай іргелес өмір сүреді? Сізді бұл ойландырмай ма Естай көкемнің ұлы, халықтың әкімі Өмірзақ мырза?», - делінген Полатбек Шілменовтың облыс әкіміне жазылған хатында.


Сондай-ақ, Полатбек Әбдіхадырұлының отбасы мен Әмзеева Мейірбану есімді мүгедек көршісі спорт кешенін ауыстыру жөніндегі талаптары орындалмаса, бейбіт шеру жасап, аштық жариялайтынын және бұл ойларынан ерікті түрде бас тартпайтындарын арнайы мәлімдеді.


Облыс және аудан басшылары бұл мәселеге қатысты әлі ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Проблеманың түйіні қалай тарқатылатынын алдағы уақытта көреміз.