Өткен жылы "Әзірет Сұлтан" қорық-музейіне келушілер саны 1 миллионнан асқан

0
1 789

​Музейге келушілер үшін ең бірінші кезекте сапалы қызмет маңызды.


Өткен жылы

Түркі халықтарының орталығы - Түркістан қаласындағы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне келушілер 2018 жылы 1 095 533 адамды құраған. Оның ішінде ақылы негізде келген қонақтар саны - 323 091, ресми қонақтар – 112 223, шетелдіктер – 4384, ТМД-дан келген қонақтар – 14 110 адамды құраса, көрме, іс-шараларды тамашалауға 103 955 көрермен жиналған. Сондай-ақ, қорық-музейге қарасты Үкаша ата кесенесіне – 222 849, Жүсіп ата кесенесіне – 5692, Гауһар ана кесенесіне – 222 006, Сауран қаласына – 103 333 адам барған.

Бұл туралы "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз отырысында айтты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

"Түркістан қаласына жыл санап қызығушылық танытқан туристер саны да артып келеді. Елдің тарихи-мәдени келбеті мен мұраларын насихаттап, шетелдіктер назарына ұсыну мақсатында ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия Республикасының Кастамону, Бурса, Анкара қалаларында "Қожа Ахмет Ясауи мұралары және Түркістан" атты халықаралық көрме ұйымдастырылса, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрілігінің қолдауымен Грекияның Салоники қаласында "Филоксения-2018" халықаралық көрмесі және Ресейдің Сочи қаласында "Сочи - 2018" халықаралық туристік көрмесінде мыңдаған шетелдік құнды жәдігерлермен танысты. Шетелдіктерді еліміздің туристік аймақтары несімен қызықтыра алды, соның ішінде қаншама ғасырлық тарихы бар Түркістан мен Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің маңызы қандай? Аталған мәселелерге терең мән бере отырып, туристер назарын аудару сапардың басты мақсаты болатын", - деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің баспасөз отырысында.

Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне келушілерге бірнеше тілді меңгерген тәжірибесі мол, кәсіби мамандар қызмет көрсетсе, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» жобасы негізінде музейге қарасты тарихи-мәдени орындардың 3D тур нұсқасы дайындалып, халықаралық көрмелерде алғаш рет көрсетіліп, көзілдірік арқылы таныстырылған. Сондай-ақ Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде жерленген қазақтың хан-сұлтандары мен би-абыздары,батырлары мен игі жақсылары тізімі және олар жайлы қысқаша мәлімет 3 тілде цифрлы форматта әзірленіп, Қ.А.Ясауи кесенесі, Есім хан кесенесі, Рабия Сұлтанбегім кесенесі, Жұма мешіті музейі, Қылует жерасты мешіті музейі, Шығыс моншасы музейлеріне цифрландыру бойынша штрих код жасалынған.

Дереккөз: Түркістан облысы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының баспасөз қызметі