Тәуелсіз ел болып, тереземіз басқа жұртпен тең болып, халықаралық деңгейде толыққанды мойындалған мемлекет ретінде өмір сүріп жатқанымызға - 27 жыл.
Бүгін еліміздің ең үлкен мерекесі Түркістан облысындағы Отырар ауданында салтанатты жағдайда аталып өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Әуелі отырарлықтар мен қонақтар мәдениет сарайының фойесінде орналасқан тылсым тарихтан, тәуелсіздік жылдарында қол жеткен жетістіктер туралы дайындалған көрмені тамашалады. Мерекелік жиынның шымылдығы түрілген соң мемлекеттік Әнұран шырқалып, аудан әкімі Ерлан Айтаханов пен мәслихат хатшысы Мырзахан Манаповтар көпшілікті қастерлі мерекемізбен құттықтады.
«Ғасырлар бойғы халқымыздың арманы 1991 жылы 16 желтоқсанда, бүгінгі буынның тарихи таңдауына айналды. Бұл күн өз тағдырымызға өзіміз қожалық етіп, өз болашағымызды өзіміз айқындауға қолымыз жеткен ұлы күн болды», - деп Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай елімізді аз ғана уақыттың ішінде әлемнің көптеген беделді елдері тәуелсіздігін мойындап, дипломатиялық байланыстар орнатты. Бүгінде егемен еліміз күн санап көркейіп, жаһандық бәсекеге қабілетті елдермен иық тіресе, рухани жаңғыру жолына түсіп келеді.
Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ еліміз егемендіктің ең негізгі алғы шарттарын жасай алды. Бәрінен бұрын көп ұлтты, көптілді, көп дінді елде халықтың ауыз бірлігін сақтауға қол жеткізілді. Қазақстанды мекен еткен барлық ұлттардың мүддесін ортақтастыра алғаны - Елбасымыздың даналық саясатының айқын айғағы еді. Оның нәрлі жемісін өзіміздің аудан өмірінен де көруге болады. Ауданымызда Кеңес Одағының батырлары Темірбек Ибрагимов, Сейітқасым Әшіров және Ұлы Отан соғысына қатысушы майдангерлердің құрметіне арналған мемориалдық кешен, «Шәмші» саябақтары және «Оқсыз» спорт кешені пайдалануға берілді. Бір сөзбен айтқанда, отырарлықтар әлі де талай асуларды асып, талай биіктерді бағындыратын болады. Ендеше бәрімізге маңызды болып саналатын Тәуелсіздік күні – өскелең ұрпаққа аман-есен, төртеуі түгел болып берілетін аманат. Біз қайда жүрсек те елімізді, тілімізді, ділімізді, дінімізді және салт-дәстүрімізді сүю, құрметтеу біздің басты мақсатымыз», - деп аудан әкімі Тәуелсіздігіміздің баянды болуын тіледі.
Мұнан соң аудан басшысы еселі еңбектерімен елге танылған аудандық мәслихаттың бір топ депутаттарына "Облыстың құрметті депутаты" төсбелгісін табыстаса, бірқатар азаматтарға Алғыс хаттар және "Ауданның құрметті азаматы" куәлігі мен төсбелгілерін тапсырды.
Салтанатты жиын одан әрі ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы арман еткен Тәуелсіздіктің ең құдіретті сыйымыз екенін бейнелейтін композициялық қойылыммен жалғасып, әсем ән мен күмбірлеген күй көпшілікке мерекелік көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Дереккөз: Отырар ауданы әкімінің баспасөз қызметі