Отырар визит-орталығын салудағы мақсат – Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау.
Түркістан облысы Отырар ауданындағы визит орталықтың құрылысы қарқынды жүріп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысы Отырар ауданындатарихи-мәдени мұра нысандарын қорғау мен олардың сақталуын қамтамасыз ету, сонымен қатар, заманауи талаптарға сай визит (сапар) орталық құрылысы жүріп жатыр.
Отырар визит-орталығын салудағы мақсат – Отырар қорық-музейінің базасында коммуникация, мәдени ақпарат және шығармашылық инновациялар орталығын жасау. Қорық-музейдің функцияларын мәдени-ағарту мен имидждік орталық деңгейіне дейін кеңейтіп, тарих ғылымы, археология, реставрация, өнертану, этнографиямен ұштастыруға жағдай жасау.
Орталықтың ғимараты – Отырар қалажұртының территориясында археологиялық қорық, тарихи-мәдени және туристік орталық құруға, сонымен қатар, музейлік-көрмелік жүйемен өзара байланыстағы орталықтандырылған қор-сақтағышты жасауға бағытталған.
Ал экспозиция залдары функционалдық бағдарламада әр уақытта болатын өзгерістер мен түзетулерді ескеріп жобаланған. Екінші қабатта барлық залдар үшін қосалқы бөлме қарастырылып отыр. Залдардың жобалық және көркемдік шешімін орталық қызметкерлері нақты көрмелік экспозицияның тақырыптық құрылымына байланысты жасайтын болады.
Сондай-ақ, реставрациялық жұмыстар мен көрмелік конструкцияларды жасау жұмыстары үшін цоколдық қабатта шеберханалар орналасатын болады. Барлық шеберханалар мамандырылған реставрациялық қондырғылармен жабдықталады деп жоспарланып отыр.
Бұдан өзге, музейге жұмыс істеуге шақырылатын мамандар үшін Отырар қалажұртында қазба жүргізетін археологтар үшін 16 орындық жатақхана ғимараты бой көтереді.
дереккөз: Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі