Польшалық инвесторлар Түркістанда зауыт соғатын болды

0
1 394

Заманауи технологиялар Түркістан аумағында жаңа әкімшілік ғимараттар мен тұрғын үй кешендерін салу кезінде қолданыла алады.


Польшалық инвесторлар Түркістанда зауыт соғатын болды

Польшалық инвесторлар Түркістан облысында талшықты-оптикалық жүйелер шығаратын зауыт соғуға ниет білдірді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысында TURKISTAN INVEST басшылығы мен польшалық FCA компаниясының өкілдері арасында кездесу өтті. Шетелдік компания – Польшадағы оптикалық телевизиялық жүйелер мен байланыс желілерін құру үшін пайдаланылатын талшықты-оптикалық жүйелер саласында қызмет етіп жүрген ең ірі компаниялардың бірі. Кездесу барысында поляк кәсіпкерлері Түркістан облысында талшықты-оптикалық кабель өндірісін бастауға ниеттерін білдірді. Талшықты-оптикалық кабель жарық өткізетін оптикалық талшықтар негізінде жасалады. Кабель байланыс желілеріндегі оптикалық сигналдарды жарық жылдамдығынан төмен жылдамдықпен беру үшін жасалған. Өнімдер жоғары сапалы, үнемді, берік және әдемі дизайнда шығарылады. Тағы бір маңызды тұсы – өндірілген өнім бағалары нарықтық құннан төмен болады, және де Түркістан өңіріндегі талшықты-оптикалық жүйелер саласындағы тұңғыш өндіріс ошағы болмақ. Алдағы уақытта жобаны жүзеге асыру және іске қосу аясында Польшада кәсіби оқудан өтуге жергілікті мамандар тартылатын болады.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар ортақ жұмыс жоспарын түзуге келісті. Оған сәйкес TURKISTAN INVEST қызметкерлері жобаның әр кезеңінде инвесторларға сүйемелдеу көрсетеді.

Сонымен қатар, Түркістан облысына жасаған іс-сапарлары аясында поляк кәсіпкерлері Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің басшылығымен кездесті. FCA өкілдері телекоммуникация және байланыс саласында қажетті кадрларды даярлауда университетпен ынтымақтастық орнатуға ниет білдірді. Келіссөздер барысында болашақ мамандар теорияны тәжірибемен біріктіруге қолайлы болатын зертхана құру туралы ұсыныс білдірді. Өз кезегінде, ХҚТУ басшылары өзара тиімді әріптестікке дайын екендіктерін білдірді.

Айта кетейік, TURKISTAN INVEST компаниясы мен FCA поляк компаниясы арасындағы ынтымақтастық 2018 жылдың қыркүйегінде Түркістан қаласында өткен «Ежелгі Түркістан – Жаңа мүмкіндіктер» атты халықаралық инвестициялық және туристік форум аясында басталған.

дереккөз: «Түркістан» ӘКК» АҚ филиалы