Сарыағаштық полицейлердің барымташыларға шамасы келмей жүр

0
1 828

Сарыағаш ауданының тұрғыны Дәурен Шонбаевтың 27 жылқысын ұрылар бір түнде жоқ қылыпты. Мал иесі бұл бойынша полицияға шағым түсірген. Алайда, құқыққорғаушылардың жылқыларды таба қоярына үлкен күмәні бар. Өйткені, бұған дейін де барымташылар 16 жылқысын әкетіп, полиция ізін де таппай қалған екен.


Сарыағаштық полицейлердің барымташыларға шамасы келмей жүр

Түркістан облысында мал ұрлығы тыйылмай тұр, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Егін егіп, мал баптап ризық несібесін тауып жүрген қарапайым ауыл адамдарының ауласындағы малын үйірімен үптеп кететіндерге құқық қорғаушылардың құрығы жетер емес. Олай деуге бір ғана мысал. Түркістан облысы Сарыағаш ауданы Дербісек ауылының тұрғыны бір-ақ түнде жиырма жеті бас жылқысын ұрлатты. Осы жылдың қаңтар айының 6-нан 7-не қараған түні жайылымдағы жиырма жеті бас жылқыны белгісіз біреулер алдына салып айдап əкеткен. Дербісек ауылында мұндай жағдайлар жиі орын алып жататын көрінеді. Бірақ ауылдықтардың айтуынша, құқық қорғау органдары қызметкерелрінің мал ұрлығын кəсіп еткен суық қолдыларға құрығы жетпейді екен. Өйткені, бөтеннің мүлкін иемденіп, малын оңай олжаға айналдырғандардың ұсталғандығы туралы сүйінші хабар жоқтың қасы екен. Шаруасын дөңгелетіп, нəпақасын мал шаруашылығынан айырып жүрген Дəурен Шонабаевтың құқық қорғау органдарының барымташыларға құрығы жететіндігіне үмітінен қарағанда күдігі басым. Оған өзіндік себеп те жоқ емес. Осыдан он жыл бұрын, 2009 жылы да меншігіндегі 16 бас жылқыны белгісіз біреулер қолды етіп, сол күйінде ұшты-күйлі жоқ болған. Тергеп, тексеріп, іздегендей болған тəртіп сақшыларының жұмысынан да түк нəтиже шықпапты.

"Мал ұрлығы болған күндері ауа-райы тұманды болды. Содан жылқышы жігіт байқамаған. Мал ұрлығы бұл өңірде аз болмайды. Бірақ соның табылып жатқаны жоқ"-дейді Дəурен Шонбаев.

Дəуреннің арызына байланысты облыстың полицейлерінен жауап та алдық.

"12.01.2019 жылы Сарыағаш АПБ-не жергілікті тұрғын арызданған. Ол арызында 2019 жылдың қаңтар айының 6-нан 7-не қараған түні белгісіз тұлғалар Сарыағаш ауданына қарасты мал жайылымның шығыс беткейінде жайылып жүрген 27- бас жылқыларын белгісіз тұлғалар жасырын ұрлап, аса ірі мөлшерде материалдық шығын келтіргенін көрсеткен. Аталған жайт бойынша Сарыағаш АПБ-де ҚР ҚК-нің 188-бабы 4- бөлігімен сотқа дейінгі бірыңғай тізіліміне тіркелді. Қылмысты ашу мақсатында Сарыағаш АПБ бастығының бұйрығымен жедел тергеу тобы құрылып, қылмысқа қатысы бар күдіктілерді анықтау жұмыстары жүргізілуде. Сарыағаш АПБ-нің қызметкерлерімен мал ұрлығын ашу үшін барлық жедел іздестіру іс-шаралары жасалуда"-деп хабарлайды Түркісатн облыстық ІІД баспасөз қызметі.

Ұл-қызының аузынан жырып, қорасындағы бір емес, бақандай жиырма жеті жылқыны алдына салып айдап кетіп, жеңіл пайда табуды көздегендерге құқық қорғаушылар құрық салар деген мал иесінің үміті де жоқ емес.