Шымкентте медицина түлектерін жұмыспен қамту туралы меморандумға қол қойылды

0
1 815

Аталған меморандум Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және «ОҚО фармацевтикалық және медициналық ұйымдарының «Даму» ассоциациасы» арасында түзілді.


Шымкентте медицина түлектерін жұмыспен қамту туралы меморандумға қол қойылды

иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден

Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында фармациядан кадр даярлау бойынша жұмыс берушілермен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бүгін Оңтүстік Қазақстан медицина академиясында фармациядан кадр даярлау бойынша дөңгелек үстел өтіп, Оңтүстік Қазақстан медицина академиясы және «ОҚО фармацевтикалық және медициналық ұйымдарының «Даму» ассоциациясы»арасында меморандум түзілді.

«Бұл меморандумның мақсаты – біздің болашақта оқу бітіретін мамандарды жұмыспен қамтамасыз ету. Біз жұмыс беруші тараппен меморандум түзер алдында қандай мамандар керек екені және қай пәндерді оқытуға жақсы көңіл бөлу керек екені жөнінде ақылдасып, жұмыс істеп жатырмыз», - деді аталған меморандум жөнінде алғашқы болып сөз алған ОҚМА ректоры М.М.Рысбеков.

Ал академия ректорынан кейін сөз кезегін алған ассоциация директоры Хадиша Дербісқызы:

«Бұл меморандум біздің көптен бері ойлап жүрген жұмысымыз. Осы нәтижеге қол жеткізер алдында академиядағы фармация факультетінің кафедрасымен бірлесе жұмыс істедік. Себебі бұл меморандум белгілі бір дәрежеге жеткізетін шара болуы керек. Ең басты мақсатымыз – әр сала бойынша мықты мамандар дайындауға үлес қосу және сол түлектерге міндетті түрде жұмыс беру. Біз жыл сайын осындай жобамен 100-ден аса мамандарды жұмыспен қамтамасыз етеміз. Бірақ бұл қанағаттанарлық көрсеткіш емес, яғни, меморандум бойынша жақсы жұмыс жасап, жоба ауқымын кеңейту керек», - деп жұмыс берушілер тарапынан жас мамандарға қолдау көрсетуге дайын екендіктерін жеткізді.

Сөз соңында аталған меморандумға академия тарапынан ректор М.М.Рысбеков, ассоциация тарапынан директор Хадиша Дербісқызы Әлжанова салтанатты түрде қол қойды.

Айта кетейік, ассоциация өз кезегінде, ғылыми зерттеулермен айналысып жүрген студенттерді ірі фармкомпанияларға бағыттап отыруға мүдделі болмақ, бұл – түлектерді жұмыспен қамту үшін маңызды шара болып есептеледі.

Енді тараптар жүйелі түрде ынтымақтастықты нығайту үшін ақпараттармен алмасып отырады. Сондай-ақ, ғылыми-тәжірибелік конференциялар, тренингтер, семинарлар ұйымдастырады.