Шымкенттік дәрігерлер израильдік азаматшаның өмірін сақтап қалды

0
1 274

Шымкенттік дәрігерлер ауыр жағдайда жатқан 64 жастағы Израиль азаматшасының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Шымкенттік дәрігерлер израильдік азаматшаның өмірін сақтап қалды

Шымкенттік дәрігерлер ауыр жағдайда жатқан 64 жастағы Израиль азаматшасының өмірін сақтап қалды, деп хабарлайды ERNUR.KZ otyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Күнгейлік ақ халаттылар зейнеткерге шұғыл түрде күрделі ота жасап, туған немересінің бүйрегін салып берді. Күрделі операция бүгін Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында жасалды.

Мұндағы білікті дәрігерлер 30 жастағы шетелдік азаматтың бір бүйрегін қарт кісіге салып берді. Ота төрт сағатқа созылған. Қазір шетелдік қос азамат аурухана ішіндегі жансақтау бөлімінде жатыр. Дәрігерлер бүйрек алмасқан израильдік азаматтардың жағдайы жақсы дейді.

Абылай Донбай, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары:

- Шымкентте медициналық туризм жақсы дамып келеді. Бүгінгі күнге дейін 6 шетелдік азаматқа трансплантациялық ота жасап үлгердік. Барлығы сәтті шықты. Шетелдік азаматтарға ақылы түрде жүргіземіз. Бұл үшін Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасында барлық жағдай қарастырылған. Шетел асып келген науқастардың барлығы донорды өздері алып келеді.

Айта кетейік, Шымкент қалалық жедел жәрдем ауруханасы өткен жылы алғаш рет мәйіт донорлығы бойынша трансплантациялық ота жасады. Дәрігерлер 30 жастағы азаматшаның қос бүйрегін екі науқасқа салып берген.