Төлеби ауданына қаладағы №8 сектор берілген
Өмірзақ Шөкеев облыс орталығын көгалдандыру мақсатында шаһарды бірнеше секторға бөліп, аудан мен басқармаларды жауапты етіп бекіткен, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев облыс орталығын көгалдандыру мақсатында шаһарды бірнеше секторға бөліп, аудан мен басқармаларды жауапты етіп бекіткен болатын. Мәселен, Төлеби ауданына қаладағы №8 сектор берілген. Ол аумақта 11 көше бар.
Аталған секторда жалпы 7354 ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған. Оның ішінде терек - 4682 дана, 576 үйеңкі, 2096 қарағаш егілді. Сондай-ақ, егілген көшеттерді суғару үшін 12 119 метр тамшылатып суғару жүйесін жүргізу көзделген. Көшеттерді күтіп-баптау үшін Сарыағаш қаласының тұқымбағынан кәсіби маманның қадағалауымен 3 түрлі ағаш көшеттері (терек, қарағаш, үйеңкі) қазылып алынып, Төлеби ауданынан 30 адам еңбекке жұмылдырылған. Қазіргі таңда егілген көшет түрлеріне келсек, терек – 4503 дана, үйеңкі – 576, қарағаш – 1776. Сектор аумағында 6855 шұңқыр қазылып, 240 текше метр топырақ төселіп тырмаланған. Алдағы уақытта қалған ағаш көшеттерін егу жұмыстары жалғасын табатын болады.
Секторда 48 121 шаршы метр жерді тегістеу жұмыстары он бір көшеге жүргізілген. Бұдан өзге, 5 дана ұңғыма қазып, 4 дана трансформатор орнату жұмыстары атқарылатын болады. Бүгінде аталған жұмыстарға қажетті техникалар жұмылдырылып отыр.