Облыста белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бастаған делегация Татарстан Республикасына жасаған жұмыс сапары аясында Иннополис қаласына барды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Иннополис қаласының мэрі Дмитрий Вандюковпен және Университет директорының орынбасары Искандер Бариевпен кездесіп, заманауи білім ордасымен танысты.
Ғылым мен IT технологияларды дамытуды, жасанды интеллект пен робототехника саласындағы және инновациялық аумақтарды құруда тәжірибесімен бөлісу ынтымақтастығын қарастыру туралы талқылады.
Иннополис университеті ақпараттық технологиялар және робототехника саласындағы білім беру мен зерттеулерге маманданған жоғары білім беру ұйымы. Заманауи ЖОО-да барлық академиялық бағдарламалар ағылшын тілінде жүргізіледі, ал мамандықтар ақпараттық технологиялармен тығыз байланысты. Университет Ресейдегі 300-дей жетекші IT-компаниялармен біріккен 17 зертханасы мен 9 даму орталығы бар ғылыми орталық. Оқыту ағылшын тілінде жүргізіледі.
Мемлекет басшысының елімізді жаһандық цифрлық технология орталығы ретіндегі орнын нығайту туралы тапсырмасын жүзеге асыру бағытында Түркістан облысы IT секторын дамыту үшін белсенді жұмыс істеп жатыр. Татарстан Республикасына жұмыс сапары ақпараттық технологиялар саласындағы мүмкіндіктерді кеңейту жолындағы маңызды қадам. Бұл бағытта облыста белсенді жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Сондай-ақ сапар барысында өңір делегациясы «Иннополис» арнайы экономикалық аймағымен танысты. Бұл озық инновациялық шешімдер әзірленетін және коммерцияланатын аймақ. АЭА негізгі нысаны технопарк кеңселері мен даму орталықтары бар заманауи, көп функционалды кешен болып табылады. Мұнда IT компанияларды дамуына барлық қолайлы жағдайлар жасалған, жаңа перспективалы жобалар да, ірі ресейлік және халықаралық IT-компаниялар да шоғырланған. АЭА алаңдарының жалпы аумағы - 311 га.
Инновациялар мен технологиялық бағытынба ынталандыруда – IT-стартаптарды құру және қолдау да маңызды рөл атқарады. Осыған орай, тәжірибе алмасу мақсатында делегация Башир Рамеев атындағы ІТ-паркке арнайы барды. Парк базасында коворкинг, цифрлық кітапхана, балалар технопаркі, стартап хаб, киберпарк аренасы және т.б. бар.
Иннополис – Қазан қаласы агломерациясы аумағында тұрғызылған заманауи қала. Онда Иннополис университеті мен «Иннополис» ерекше экономикалық аумағы бар. Мәскеу жанындағы Сколково және Новосібірдегі Кольцово аумақтарымен қатар, Ресейдегі IT технологияларды дамыту мақсатында тұрғызылған ғылыми-өндірістік аумақтардың бірі.
Түркістан облысынан барған делегация Татарстанның өндіріс орындарын аралайды. Инвесторлармен нақты келісімдер жасайды деп күтілуде. Әсіресе, ІТ саласы мен ауыл шаруашылығындағы озық технологиялар мен жобаларға басымдық беріледі.