Орнатылған заманауи кедендік бақылаудың техникалық құралдары арқылы елімізге кіретін тауарлардың мөлшері мен сапасына терең талдау жүргізуге мүмкіндік туады.
Дархан Сатыбалды кеден бекеттерінің құрылыс алаңдарында болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды «Қазығұрт» кеден бекетінде болып, құрылыс барысымен танысты. Бүгінде мұнда ескі бекет жұмыс істеп тұр. Көлік кептелісі сынды өзекті мәселелер туындап отыр. Осыған байланысты 4,8 гектар жерге шекара бекетінің жаңа ғимаратының құрылысы жүріп жатыр. Әкімшілік ғимараты, өткізу бекеті салынуда. Құрылысы 2024 жылы аяқталмақ.
Жобаның басты мақсаты – бекеттің қызметін жақсарту. Қайта құрудан кейін кеден бекеттің аумағы ұлғайып, өткізу қабілеті артады. Сонымен қатар кедендік рәсімдеу процедураларының уақыты қысқарады. Орнатылған заманауи кедендік бақылаудың техникалық құралдары арқылы елімізге кіретін тауарлардың мөлшері мен сапасына терең талдау жүргізуге мүмкіндік туады. Облыс әкімі нысандарды аралап, шекарадағы өткізу пункттері еліміздің аса маңызды нысандар қатарында екенін атап өтті.
«Қапланбек» өткізу бекетін жаңарту жұмыстарымен де танысқан облыс әкімі шекарашылармен, мердігерлермен кездесті. Қауіпсіздіктің қатаң сақталып, құрылыстың мерзімінде аяқталуын тапсырды. Кедендегі мәселелерді талқылады. Аудан әкіміне, басқарма басшыларына тапсырмалар берілді. Шекаралық аймақтарды дамыту бағытында жұмыс күшейтіледі.
2022 жылдың желтоқсан айынан бастап Түркістан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің «Қапланбек» кеден бекетін кайта құру және толық техникалық қамтамасыз ету бойынша құрылыс жұмыстары басталды.