Індет балалар арасында тіркелмеген.
Түркістан облысындағы инфекциялық стационарларда 10 науқас ем қабылдауда, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облысындағыинфекциялық стационарларында 10 науқас коронавирус инфекциясымен жатыр. Індетті жұқтырған азаматтардың барлығына медициналық хаттамаға сәйкес тиісті емдік шаралары көрсетілуде. Барлығының жағдайы қанағаттанарлық. Індет балалар арасында тіркелмеген.
Жалпы, облыс бойынша эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің ұйымдастыруымен өткен брифинг барысында аймақтың бас дәрігері Марат Пашимов мәлімдеді. Облыстық қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының айтуынша, өңірде індеттің ықтимал екінші толқынына дайындық жұмыстары күшейтілген.
«Медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы барынша жасақталды. Өкпені жасанды желдету аппараттарының саны артып, қосымша 4 оттегі станциясы орнатылды. Бүгінде 8 ауруханада жеке оттегі станциясы бар. Сондай-ақ, 80 бірлік оксигенация аппараты (HI-FLOW) сатып алынды. Оттегі нүктелерінің саны 3000-ға жуық. Пульсоксиметрдің қамтамасыз етілуі 190-нан 3879-ға дейін жетті»,-деді брифинг барысында Марат Пашимов.
Аймақтағы барлық медициналық ұйымдарда 2-3 айлық дәрі-дәрмек қоры жасақталған. Коронавирустық инфекцияның әр түрлі болжамына байланысты инфекциялық төсек-орын санын 5 610-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік бар.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясымен күрес шаралары аясында таяуда 12 бірлік жылжымалы медициналық кешен жиынтығы сатып алынып, аудандарды қамтамасыз ету көрсеткіші 100%-ды құрады. Ал, облыстың жедел-жәрдем қызметі паркін жыл соңына дейін 96 %-ға жаңарту жоспарланып отыр.