89 тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде
Түркістанда 100 мың тұрғынға арналған көпқабатты үйлер бой көтерді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан қаласының әкімшілік-іскерлік орталығында 100 мың адамға арналған көпқабатты тұрғын үйлер бой көтерді. 2020 жылдан бастап 7, 9 және 12 қабатты жалпы 89 тұрғын үйдің құрылысы мемлекеттік бюджет есебінен жүргізілуде. Аталған үйлер «Отбасы банк» және екінші деңгейлі банктер арқылы ипотекамен сатылуда. Сонымен бірге жеке инвесторлар есебінен жүздеген көпқабатты үйлер салынып жатыр. Облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев күнделікті жұмыс кестесіне сәйкес Түркістан қаласындағы құрылыс алаңдарын аралап, мердігерлермен жүздесті. Қала аумағында 225 га аумақта 30 саябақ, 13,6 га аумақта 15 гүлзар мен аллея, 130 гектарға жуық аумақта 9 алаң, 64 га болатын 20 көше және 63 гектарды құрайтын 173 дана сектор нысандары бар. Қазіргі уақытта 500 гектарға жуық ауданда 300-ден астам адам, 67 техника және 65 шақырым гидранттық жүйе жұмыс істейді. 725 мың дана ағаш өсіп тұр.
Бүгінде Түркістан қаласында саябақтар мен гүлбақтар және көгалдандырылатын аймақтардың санын арттыру бойынша 2022 жылға арналған жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Қаладағы нысандарды күтіп-ұстау жұмыстары үшін 25 түрлі модельден – 200 бірлік техника алынды. Жоспар бойынша биыл қала аумағында 250 мың ағаш көшеті және 127 гектарға көгал егілетін болады.
Сондай-ақ, қаладағы №1 мөлтек аудандағы көпқабатты тұрғын үйлердің ауласын абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Көлемі 40 гектарды құрайтын аулалар жөнделуде. Асфальт төселіп, 40 ойын алаңшасы мен спорт алаңшалары орнатылуда. 200 орындық мен қоқыс жәшігі және 350 жарықтандыру бағанасы орнатылады. Сонымен қатар аталған 1-2 мөлтек аудандарда 54 тұрғын үйді (2705 абонент) үздіксіз электр қуатымен қаматамасыз ету үшін подстанция трансформаторларына жөндеу жұмыстары жүргізіледі.
Жалпы, Түркістан қаласында 845 шақырымды құрайтын 875 көше бар. Бекітілген жоспарға сәйкес жолдар жөнделіп, коммуникациялық жүйелері (ауыз су, сарқынды су, газ) толығымен аяқталған көшелерде жүзеге асқан. 2021-2022 жылдар аралығында Түркістан қаласында 270 шақырымды құрайтын 200-ден астам көшеге жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарланып, қазіргі таңда 155 көше жарықтандырылды. Жарықтандыру жұмысы жалғасады. Биыл қосымша 276 шақырымды құрайтын 272 көшеде жарықтандыру жүйесін жүргізу жоспарлануда. Халыққа қолайлы болу үшін қоғамдық көлік жүйесі реттеліп, былтыр 40 жаңа автобус сатып алынып, жолға шықты. Қоғамдық көлік 18%-ға жаңарды. Жалпы Түркістан қаласында жалпы 24 қоғамдық көлік бағыты жүреді. Биыл тағы 50 жаңа автобус алу жоспарда бар.