Облыс бойынша «109» call-орталық байланыс телефоны іске қосылған.
Түркістан облысында төтенше жағдай кезінде коммуналдық қызмет үшін берілетін 15 мың теңге төлемге алдын ала есеп бойынша 385 380 адам қол жеткізетін болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Оған республикалық бюджеттен 11,5 млрд теңге бөлініп отыр. Азаматтардан өтінімдер 1 мамырдан бастап арнайы электронды жүйе арқылы және "109" call-орталығымен қабылданатын болады. Бүгін бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде облыстық Энергетика және тұрғын-үй шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Бақытжан Полатбеков мәлімдеді.
Оның айтуынша, коммуналдық қызметтер бойынша шығындарды өтеуге арналған мемлекеттік көмекті тек санат бойынша ала алатын адамның жеке коммуналдық төлем жасайтын дербес шоты болуы тиіс.
«Министрлік бекіткен тізбеге сәйкес, жәрдемақыны алуға құқығы бар адамдар:
- 1-2-3 топтағы мүгедектер;
- Ұлы Отан соғысының мүгедектері мен қатысушылары және қатысушыларына теңестірілген адамдар;
- Мүгедек балаларды тәрбиелеушi отбасылар;
- Көпбалалы отбасылар;
- Ең төмен және аз зейнетақы алатын зейнеткерлер;
- Мемлекеттiк немесе қоғамдық мiндеттерiн, әскери қызметiн орындау кезiнде, сондай-ақ ғарыш кеңістігіне ұшуды дайындау немесе жүзеге асыру не адам өмiрiн құтқару кезiнде, құқық тәртiбiн қорғау жағдайында қаза тапқан адамдардың отбасылары;
- Атаулы әлеуметтік көмек алатын азаматтар, оның ішінде жалғыз басты зейнеткерлер», - деді Бақытжан Әнуарбекұлы.