Амбулаториялық деңгейде 5 948 оңалту қызметі көрсетілген.
Түркістан облысында 15 мыңнан астам науқас реабилитациялық ем қабылдаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Медициналық оңалтудың науқас денсаулығын қалпына келтіруде атқаратын рөлі зор. Жарақат алған немесе созылмалы аурумен ауырып тұрған пациенттің күнделікті өмірге оралып, қалыпты тіршілік етуіне септігін тигізеді. Бұрын көпшілік жағдайда ақылы түрде көрсетілетін оңалту бүгінде сақтандырылған азаматтар үшін қолжетімді болып отыр. Бұл жайында «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Түркістан облысы бойынша филиалының директоры Асхат Бейсенбаев осы мәселе жайлы егжей-тегжейлі ақпарат берді.
Биылғы жылы оңалту қызметін қаржыландыру деңгейі 2020 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге артып, 5 млрд 583 млн теңгені құраған. Ағымдағы жылдың 6 айында Қор оңалту қызметі үшін 2 млрд 839 млн теңге төлеген. Аймақтық тұрғыдан алып қарағанда, қызметтің басым бөлігі аудан, қалалардағы ауруханаларда көрсетілген. Медициналық сақтандыру қоры халық үшін оңалтудың қолжетімділігін арттыру бағытында жан-жақты жұмыс істеуде. Егер 2019 жылы бұл қызметті 9 медициналық ұйым көрсетсе, 2020 жылы олардың саны 48-ге жетті. Ал 2021 жылы облыс бойынша 50 ұйым медициналық оңалту қызметін көрсетуге тапсырыс алған. 2021 жылдың басынан бастап күндізгі және тәуліктік стационарларда 15 296 науқас реабилитациялық ем қабылдаған. Амбулаториялық деңгейде 5 948 оңалту қызметі көрсетілген.
Оңалту қызметі — негізгі немесе созылмалы ауруды емдеу қажет болғанда, қатты ауырсынудан және хирургиялық операциялардан кейін, сондай-ақ жарақат алғаннан кейін, сырқат салдарынан адамның қимыл-қозғалысы шектелген жағдайларда көрсетіледі.