ТҮРКІСТАН: 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

0
748

Құрылыс тамыз айының ортасында аяқталады деп жоспарланған.


ТҮРКІСТАН: 2 мектепте күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Түркістанда 2 мектеп күрделі жөндеуден өткізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Қазіргі таңда Түркістан қаласындағы Төле би атындағы №19 және М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектептері күрделі жөндеуден өткізілуде. Түркістан қаласы адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы Оразкүл Қолдасова аталған білім ошақтарында күрделі жөндеу жұмыстарының қандай деңгейде жүріп жатқанын зерделеп шықты.


«Жаңа оқу жылында оқушылар жаңарған мектепте білім алатын болады. Мердігер мекемелер өз жұмысын тиянақты атқаруда. Негізі құрылыс жұмыстары келесі жылға өтпелі болғанымен, мүмкіндігінше биылғы оқу жылына дейін аяқтау міндеті тұр. Жалпы сапалы жұмыстың нәтижесін көріп тұрмыз. Мұның барлығы түркістандық оқушылардың игілігі үшін атқарылып жатқан жұмыстар», — деді Оразкүл Шайхықызы.


Аталған білім ұяларында күрделі жөндеу тамыз айының ортасында аяқталады деп жоспарланған. Төле би атындағы №19 жалпы орта мектептің директоры Алтынбек Момбековтің айтуынша, құрылыс жұмыстарын «Kazintelgroup» мердігер мекемесі жүргізуде. Ал М.Пошанов атындағы №21 жалпы орта мектеп директоры Руслан Стамқұлов күрделі жөндеу жұмыстары 90 пайызға аяқталғанын хабарлады.