Балалар жаңа оқу жылын жаңарған білім ордасында бастауы тиіс
Түркістан облысында 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан өңірі басшысының тапсырмасымен тозығы жеткен білім ұяларын жаңарту жұмыстары атқарылуда. Осы бағытта жұмыстарды ширату үшін облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев білім мекемелерін күрделі жөндеуден өткізетін мердігерлермен кездесті. Сайрам ауданы, Әсіларық ауылындағы №49 Шохан Уәлиханов атындағы жалпы орта мектебінде жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарын тексерді. Оқуашылардың қауіпсіз әрі жайлы мектептерде білім алуы үшін барлық жағдай жасалу керек екенін тілге тиек етті. «Балалар жаңа оқу жылын жаңарған білім ордасында бастауы тиіс» деген облыс әкімінің орынбасары мердігерлерге сапа мен мерзімді қатаң қадағалауды тапсырды.
Биыл Түркістан облысындағы 22 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл жұмыстарға жалпы 7,7 млрд. теңге қаржы қаралды. Оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасымен 7 мектеп қамтылса, облыстық бюджеттен бөлінген қаражатқа 15 мектеп жөндеуден өтпек. Жаңа оқу жылына аяқтау жоспарланған нысандардың сапасы жіті бақылауда болады.