ТҮРКІСТАН: 49 медициналық пункттің құрылысы басталады

0
526

Медицина саласына инвесторлар тартылады.


ТҮРКІСТАН: 49 медициналық пункттің құрылысы басталады

Түркістан облысында денсаулық сақтау нысандарын салуға инвесторлар тартылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2024 жылы 49 медициналық пункттің құрылысы басталады. Жалпы өңірде медициналық орталықтардың жетіспеушілігі басты мәселеге айналған. Кейбір ауылды аймақтарда денсаулық нысандарының жоқтығы анықталған. Өңірдегі өзекті мәселені шешу мақсатында биыл 122 жаңа нысан салу бойынша жауапты министрлікке ұсыныс хат жолданып, 49 медпункттің құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылмақ.


Аталған бағдарлама аясында қалған 73 дәрігерлік амбулатория, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттердің кешенді жоспарын әзірлеу қолға алынған.


Айта кетейік, Келес ауданына - 20, Мақтааралға - 12, Жетісайға - 11, Қазығұртқа - 7, Сарыағашқа - 7, Түлкібасқа - 6, Төлебиге - 5, Сауранға - 2, Бәйдібек, Созақ пен Отырарға бір-бірден жаңа құрылыс медициналық нысандары қажет. Мәселені жылдам шешудің жолы – инвесторлардың ықпалы болмақ. Осыған байланысты «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының облыстық филиалында жиын өтті. Оған облыс әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев пен өңір кәсіпкерлері, палата өкілдері қатысты. Кәсіпкерлерге медициналық нысандар салуға инвестиция салу жөнінде ұсыныс беріліп, мемлекеттік қолдаулар жайы түсіндірілді.


Алдағы уақытта ғимараттар бой көтеретін елді мекендер қатары анықталып, инфрақұрылымы тереңірек зерделенеді. Медициналық пункт, ФАП, дәрігерлік амбулаторияның жобалық сметалық құжаттары бірыңғай үлгіде дайындалып, ұсынылады. Аталған шара аясында Денсаулық басқармасы мен палата өкілдерінен құралатын жұмысшы топ бірлесе жұмыс атқарады.


Жалпы жоспар іске асқан жағдайда инвесторлардың күшімен бірқатар елді-мекенде медициналық жаңа нысандар ел игілігіне беріліп, халықтың ем-дом алуына қолайлы жағдай жасалады.