ТҮРКІСТАН: 5 жасар қыздың өліміне қатысты күдікті бұрын 10 жылға сотталған

0
1 206

Биыл денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылған.


ТҮРКІСТАН: 5 жасар қыздың өліміне қатысты күдікті бұрын 10 жылға сотталған

Сарыағашта 5 жасар қыздың өліміне қатысты жұмыстар жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Осыған дейін Сарыағаш ауданы, Жібек жолы ауылында жоғалып кеткен 5 жасар қыздың денесі жергілікті тұрғынның үйінен табылғанын, сонымен қатар қылмысқа қатысты күдікті ұсталып, қамауға алынғанын хабарлаған едік.


Оқиға орнына 13 шілде күні түнде ерекше бақылау орнату және тұрғындармен қосымша түсіндіру жұмыстарын жүргізу мақсатында облыс әкімінің міндетін атқарушы Н.Көшеров, облыс прокуроры М. Тілеубердиев, Түркістан облысы полиция департаментінің бастығы М. Қабденов, ҰҚК Түркістан облысы бойынша департаменті бастығының бірінші орынбасары Т. Мелдешов, облыс әкімінің орынбасары Б.Тәжібаев барған.


Пышақ жарақаттарынан қайтыс болған қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан өткеннен кейін, бүгін, яғни 14 шілде күні жер қойнына тапсырылды. Сараптама қорытындысы жедел түрде 20 күн ішінде шығарылады.


ҚР Президенті Бас прокуратура мен ІІМ-не болған қайғылы оқиғаның мән-жайын мұқият түсінуді тапсырды. Күдіктіге қатысты ҚР қолданыстағы заңнамасы шеңберінде тиісті шаралар жүргізілетін болады.


Түркістан өңірлік коммуникация қызметінің ақпаратына сүйенсек, , күдікті бұрын 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілген. Биыл денсаулығына қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 3 жылға бас бостандығын шектеуге үкім шығарылған.


Қазіргі уақытта ауыл тұрғындарымен ақсақалдар, құзыретті органдар және жергілікті атқарушы органдардың өкілдері кездесу өткізіп, түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатыр. Қызынан айырылған отбасыға жан-жақты көмек көрсетілуде.


ҚР ҚПК-нің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексерудің өзге де деректері жария етуге жатпайды.