ТҮРКІСТАН: 8 мың тұрғынды газбен қамтитын нысан пайдалануға берілді

0
290

Аталған нысанның құрылыс жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айында аяқталды.


ТҮРКІСТАН: 8 мың тұрғынды газбен қамтитын нысан пайдалануға берілді

Түркістан облысында 8 мыңға жуық тұрғынды газбен қамтитын нысан пайдалануға тапсырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы елді мекендерді толық инфрақұрылыммен қамту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүргізілуде. Ордабасы ауданы, Төрткүл ауыл округі, Төрткүл елді мекенінде табиғи газ беру нысаны іске қосылды. Ауыл тұрғындарының үлкен қуанышын бөлісуге арнайы келген өңір басшысы Дархан Сатыбалды тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтап, халықты ауылдың дамуына өз үлестерін қосуға шақырды.


«Елді мекендердің инфрақұрылымын жақсарту бағытында маңызды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Мәселелер кезең-кезеңімен шешілуде. Енді үйлерге газ кіргізу жұмысын күшейту керек. Тұрғындардың өмір сапасын жақсарту жолындағы жұмыстар жалғасады», – деді Дархан Сатыбалды.


Аталған нысанның құрылыс жұмыстары 2022 жылы қыркүйек айында басталып, биыл қараша айында аяқталды. Мердігер мекеме – «Газовое хозяйство Шымкентгаз» ЖШС. Келісім-шарт құны – 793,684 млн. теңге. Жауапты мамандар тарапынан жеке үйлерге газды кіргізу бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.


Құжаттандыру жұмыстары толық аяқталған соң, ауылдағы 1497 үй немесе 7631 тұрғын толық газбен қамтылады.


Айта кетейік, Ордабасы ауданы бойынша 57 елді мекеннің 9-ы табиғи газбен қамтылған. Қамту деңгейі 21,6% немесе 25 568 халықты құрайды. Олар: Қайнар, Ынтымақ, Ұялыжар, Теспе, Ықыластемір, Темірлан, Қажымұқан, Боралдай, Қызылсеңгір ауылдары. Қазіргі уақытта 25 елді мекенде 30 нысанның құрылысы жүргізілуде. Биыл 14 елді мекенді (Бірлік, Жамбыл, Ақжол, Мақташы, Бейсен, Қараспан, Берген, Батар ата, Ынталы, Елшібек батыр, Спатаев, Қызылжар, Төрткүл, Қарақұм және Бірлік газ жеткізуші құбыр) табиғи газға қосып, қамту деңгейін 45,1%-ға жеткізу жоспарлануда.


Бүгінгі таңда Қарақұм ауылында табиғи газ нысанының құрылысы аяқталып, 3536 тұрғын «көгілдір отынмен» қамтылды. Қалған 11 елді мекен 2024 жылы табиғи газға қосылады деп күтілуде.