ТҮРКІСТАН: 99 жастағы соғыс ардагері коронавирусты жеңіп шықты

0
628

Ардагерді аурухана дәрігерлері ерекше қошаметпен шығарып салды.


ТҮРКІСТАН: 99 жастағы соғыс ардагері коронавирусты жеңіп шықты

99 жастағы Леңгір қаласының тұрғыны коронавирустан сауығып шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысының 99 жастағы Леңгір қаласының тұрғыны Капустина Александра Петровна коронавирустан сауығып шықты. Ардагерді аурухана дәрігерлері ерекше қошаметпен шығарып салды. Ардагерге коронавирус диагнозы осыдан екі апта бұрын қойылған. Науқастың дене қызуы көтеріліп, өкпесі қабынып, әлсіреген. Ол шұғыл түрде Леңгір қалалық ауруханасына жатқызылады. Ауруханаға науқас екі жақты полисегментарлы пневмониямен түскен.

Дәрігерлердің жедел жүргізілген емдік шараларының көмегімен, екі апта ем қабылдаған қария коронавирустан құлан-таза айықты. Денсаулығының мықтылығының арқасында оған өкпенің жасанды дем беру аппараты қажет болмаған. 1922 жылы дүниеге келген қарт әже - Ұлы Отан соғысының ардагері.

«Госпитальге өте ауыр халде түстім. Өзімді нашар сезініп, өте мүшкіл халде едім. Мені шұғыл түрде осында алып келіп, емдеді. Мұнда мен адамның адамға деген қамқорлығын сезіндім. Барлық дәрігерлерге алғыс айтамын», - дейді 99 жастағы соғыс ардагері.