1 млн. теңге көлемінде БАЖ салығы өндірілген.
Түркістан облыстық әділет департаменті 3 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсеткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістан облыстық әділет департаментіне өткен жылы жеке және заңды тұлғалардан 2499 арыз-шағым келіп түскен. Департаментке келіп түскен арыз-шағымдар 2020 жылмен салыстырғанда 13%-ға көбейген. Бұл туралы бүгінгі брифингте Түркістан облысы Әділет департаментінің басшысы Мұхит Тұрғараев мәлімдеді.
«Өткен жылы департамент тарапынан 2896 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Ақпараттық жүйелер арқылы электронды түрде – 2653, E-лицензиялау бойынша – 208 қызмет көрсетілген. Мемлекеттік қызмет көрсету бойынша арыз-шағым түспеді және мерзімін кешіктіру фактісі тіркелмеді. Қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында 200-ден астам үгіт-насихат жұмыстары жүргізілді», - дейді Мұхит Бекетұлы.
Сондай-ақ, 2021 жылы мемлекетке 1 млн. теңге көлемінде БАЖ салығы өндірілген. Қазіргі таңда Әділет департаменті азаматтардың заң көмегіне жүгінуі үшін білікті адвокаттарды 64,3%-ға жеткізуді көздеуде. Сонымен қатар, сот актілерінің орындалу нәтижесінің тиімділігін арттыру да жоспарланған.