​ТҮРКІСТАН: Ардагерлер кеңесі елге үндеу жариялады

0
983

Су тасқыны зардаптарын қысқа мерзімде қалыпқа келтіру үшін тек мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке ғана қарамай, бірлесіп күш жұмылдыруға шақырды.


​ТҮРКІСТАН: Ардагерлер кеңесі елге үндеу жариялады

Түркістан облыстық және Мақтаарал, Жетісай аудандарының ардагерлер кеңесі республика халқына, кәсіпорын, мекеме ұжымдарына, кәсіпкерлерге, қоғамдық ұйымдар мен еріктілерге арналған үндеу жариялады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҮНДЕУІ
Құрметті отандастар!

1 мамыр күні таңертең Өзбекстан Республикасының көршілес Сырдария облысындағы Сардоба су қоймасының бөгеті жарылып, аталған облыстың бірқатар елді мекендерін тасқын су басты. Осы судың екі ел шекарасындағы орталық коллекторға симаған бөлігі коллектордың ернеуінен асып, Мақтаарал ауданының 13 елді мекенін (олардың ішінде аудан орталығы- Мырзакент кенті де бар) су басу қаупі туындады.

Облыс, аудан әкімдіктерінің, облыстық төтенше жағдайлар департаментінің, «Қазсушар» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны құрылымдары мен еріктілердің елді мекендерді тасқын судан қорғау мақсатында су жүйелерін жедел тазалау, бөгеттер салу жөніндегі белсенді іс- әрекеттеріне қарамастан, ауданның Жаңатұрмыс, Жеңіс, Фирдоуси, Өргебас, Достық ауылдары, дақылдар егілген 6 мың гектарға жуық егіс алқабы су астында қалды. Жоғарыда аталған елді мекендер мен Мырзакент кентінің тұрғындары Атакент пен басқа да ауылдарға эвакуацияланып, оларға тиісті тұрмыстық жағдайлар жасалды.

Осының нәтижесінде жеке және заңды тұлғаларға, тұрғын үйлер, шаруашылық нысандарға, қора-қопсыларға, елді мекендер ішіндегі көшелер мен олардың арасындағы жолдарға зиян келтірілді, нысандардың бірқатары құлады немесе пайдалануға жарамсыз болып қалды.

Бұл біздің өңіріміз халқының басына түскен ауыр нәубет, үлкен сын. Біздер, Түркістан облысы халқы, мызғымас бірлігіміздің, татулығымыздың, ынтымағымыздың арқасында мұндай сындардан талай рет өткенбіз. Мемлекеттің, қалың жұртшылықтың қолдауымен бұл сыннан да өтетіндігімізге кәміл сенеміз.

Құрметті отандастар!
Тасқын су астында қалып зардап шеккен, құлаған, пайдалануға жарамсыз болып қалған нысандарды қалпына келтіріп, тұрғындарды қалыпты өмірге көшіруге едәуір мөлшерде қаражат, құрылыс материалдары, техника мен қол күші қажет. Су тасқыны зардаптарын қысқа мерзімде қалыпқа келтіру үшін тек мемлекет тарапынан көрсетілетін көмекке ғана қарамай, дана халқымыздың «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Көп түкірсе көл болады», «Бірлік бар жерде, тірлік бар» деген аталы сөздерін әрбіріміз басшылыққа алып, іске асыруға бірлесіп, белсене кіріссек, әрқайсысымыз мүмкіндігімізге қарай үлесімізді қоссақ - елдігімізді танытқан үлкен іс болар еді.

Облыстық және аудандық ардагерлер кеңесі орын алған жағдайды зерделей келе барлығыңызды тұрғын жайлары, шаруашылық нысандары, қора-қопсылары, егіс алқаптары су тасқынынан зиян шеккен мақтааралдық жерлестерімізге нақты қолдауға, көмек қолын созуға шақырады!
Көмек қолын созам деген азаматтар үшін бірқатар банктердің реквизитерін назарларыңызға ұсынамыз.

"Халық банк" ИИК KZ 886010001000002491.
БИК НSBKKZKХ
КHП 119 КБЕ 18

"Фортебанк"
ИИК KZ7196528F0007014540
БИК IRTYKZKA
КHП 119 КБЕ 18