Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Түркістан облысында әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі комиссия мәжілісінде маңызды мәселелер талқыланды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістанда Әлеуметтік әріптестік пен әлеуметтік және еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үш жақты комиссияның отырысы өтті. Жаңадан жасақталған комиссияның мәжілісіне Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаев төрағалық етіп, жүргізіп отырды. Күн тәртібінде үш мәселе қаралды.
Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсия Темірбаева аталған комиссияның жұмыс жоспары турлы баяндады. Оның айтуынша, биыл комиссияның жаңа құрамы бекітілген. Түркістан облысының әкімдігі, Түркістан облыстық жұмыс берушілердің бірлестіктері (қауымдастықтары, одақтары) мен Түркістан облысының кәсіби одақтар орталығы арасындағы 2024-2026 жылдарға арналған келісім 8 тармақтан тұрады. Ол тармақтарда жұмысшылардың құқығын қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, жұмыс орындарын ашуға қолайлы жағдай жасау, инклюзивті еңбек нарығын құру, жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру, жұмысшылардың жаппай жұмыстан босатылуын болдырмау шараларын қабылдау, жұмысшы мамандықтарын насихттау, қажеттілікті айқындау шаралары бар. Сонымен бірге еңбек қауіпсіздігін сақтау, жұмысшыларды әлеуметтік қолдау, еңбек дауларын реттеу және өзге де бастамалар енгізілген.
Облыс әкімінің орынбасары комиссияның жұмысын жандандырып, сапалы жұмыс атқаруды тапсырды.
– Жауапты басқармадан арнайы өкіл бекітіліп, комиссия жұмысы жандануы тиіс. Еңбек дауларының алдын алу, жұмысшылардың құқығын қорғау, осы саладағы тәрпітті ақтау бағытында іс атқарыңыздар, – деді Бейсенбай Тәжібаев.
Мәжілісте «Қыран» футбол клубының жалақы қарызына қатысты мәселе талқыланып, жауапты тұлғалардың баяндамалары тыңдалды. Атап айтқанда, ҚР Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Амангелді Әліш, «Қыран футбол клубы» мемлекеттік қоммуналдық қазынашылық клубының директоры Нұрлан Орынбаев өз уәждері мен ұсыныстарын айтты. Жауапты басқарма өкілдерінің ұстанымдары да тыңдалды.
Күн тәртібіндегі үшінші мәселе бойынша «Түркістан облысы Кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар орталығының төрағасы Өмірәлі Бердіғалиұлы ой қозғады. Ол өндірістегі (кәсіпорындардағы) еңбек қауіпсіздігі мен жазатайым оқиғалардың алдын алу туралы баяндап, осы бағытта бірлесе жұмыс істеуге шақырды.
Жиын қорытындысы бойынша жауаптыларға тиісті тапсырмалар берілді. Өңірдегі жұмысшылардың жағдайы мен құқығының қорғалуы комиссияның қадағалауында болады.