ТҮРКІСТАН: Армениялық көліктерге сары нөмір беріліп жатыр

0
933

Құжаттарды рәсімдеу үшін қанша қаржы керек екені анықталды.


ТҮРКІСТАН: Армениялық көліктерге сары нөмір беріліп жатыр

Түркістан облысында маусым айының 1-нен бастап Армениядан әкелінген көліктер тіркелуде, - деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Өздеріңізге белгілі, Үкімет қаулысына сәйкес 1 маусымнан бастап ҚР азаматтарына Армениядан 2020 жылдың 1 ақпанына дейін әкелінген, рөлі сол жақта орналасқан көлік құралдарын тіркеу басталған болатын. Осы бағытта мамандандырылған ХҚКО-да үш тәулік ішінде Армениядан әкелінген 39 көлік тіркелді.

Көліктеріне сары нөмір алған тұрғындар: «Ризамыз, енді еш қорқыныш жоқ. Көлігімізді заңды түрде тіркедік. Ол үшін жарты сағатқа жетер жетпес уақытыңыз бен ең бастысы халықтың қалтасына қонымды 12 000 теңгеге жуық ақшаң болса болғаны. Көптен күткен жаңалық еді, енді іс жүзінде жүзеге асырылуда» - деп өз алғыстарын білдірді.

Жалпы, армениялық көліктерді 2020 жылдың 1 қыркүйегіне дейін тіркеуге болады. Ол үшін мемлекеттік алым төлейсіз. Үш төлем жасалады, олар: тіркеу үшін – 695 теңге, техникалық төлқұжат үшін баж - 3 мың 473 теңге және мемлекеттік нөмір үшін баж - 7 мың 778 теңге. Төлемнің жалпы сомасы 11 мың 946 теңгені құрайды. Бірақ, тіркеу Армения Республикасының уәкілетті органы берген тіркеу құжаттарында иесі ретінде көрсетілмеген тұлғаларға жүзеге асырылмайды.

Айта кетейік, Түркістан облысы бойынша Армениядан әкелінген көлікті тіркеу ережелерін түсіндіру үшін Мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында Call-орталығы күн сайын сағат 09:00-ден 19:00-ге дейін жұмыс істейді.