​«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасып жатыр

0
638

Қазіргі уақытта аталған аймақтардың санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.


​«TURKISTAN» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамту жұмыстары жалғасып жатыр

Түркістан облысында кәсіпорындар мен өндіріс орындарын бір жерге шоғырландыру, олардың тиімділігін арттыру және инвесторларға қолайлы жағдай қарастыру мақсатында арнайы экономикалық және индустриалды аймақтар құрылған, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі уақытта аталған аймақтардың санын арттыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл мәселе облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен өткен жиында жіті қаралып, атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы жауапты сала басшыларының баяндамалары тыңдалды.

Аймақ басшысы жұмысты кешіктірмеуді, инвесторларға қолайлы жағдай жасауды, құрылыс жұмыстарының барысында кездескен кедергілерді дер кезінде шешуді тапсырды.
Облыс орталығында «Turkistan» арнайы экономикалық аймағының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Оны инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жобасы 6 кезеңнен тұрады.
Жиын барысында облыстық құрылыс басқармасының басшысы Тоқтар Усубалиев «Turkistan» арнайы экономикалық аймағын инженерлік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету барысын баяндады.
Оның айтуынша, бүгінгі таңда 5 кезеңнің құрылыс жұмыстары жүргізіліп, 2 жобаның құрылысы аяқталды. Пайдалануға тапсыру жұмыстары атқарылуда. Яғни, 1-кезең бойынша газбен қамту жұмыстары жүргізілсе, 3-кезең өрт сөндіру және өткізу бекеттерін салу, абаттандыру, байланыс желісімен қамту, қоршау жұмыстары аяқталған. Газбен қамту жұмыстарын «Баянды Құрылыс» ЖШС жүргізген. Жоба құны – 1,58 млрд теңге. Газ құбырының жалпы ұзындығы – 25,4 шақырым. Құрылыс жұмыстары 100%-ға орындалған. Қазіргі таңда «ИнтерГАЗ» АҚ-на қарасты АГРС-14-ке тапсыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Үшінші кезеңді «Баянды Құрылыс» ЖШС жүзеге асырған. Жоба құны – 1 млрд теңге. Бүгінгі таңда пайдалануға тапсыру бойынша жұмыстар атқарылуда. Қалған кезеңдер бойынша жоспарға сәйкес тиісті жұмыстар атқарылуда.
Жиын барысында индустриалды аймақтардағы өзекті мәселелер де ортаға салынды. Ондағы жүзеге асып жатқан жобалар мен инфрақұрылыммен қамтамасыз ету жұмыстарының барысы қаралды. Түркістан облысында жалпы ауданы 594 гектарды құрайтын 10 индустриалды аймақ бар. Олар Түркістан, Кентау қалалары мен Созақ, Ордабасы, Мақтаарал, Қазығұрт, Түлкібас, Шардара, Бәйдібек, Сауран аудандарында орналасқан.
Қазіргі уақытта құны 114,2 млрд теңгені құрайтын 79 жоба жүзеге асырылуда. Жоба аясында 5 624 адам жұмыс орнымен қамтамасыз етілген.
Атап өтсек, машина жасау бойынша 5 жоба, тамақ өнеркәсібі бойынша 6 жоба, жеңіл өнеркәсіп бойынша 14 жоба, құрылыс бағытында 44 жоба, экономиканың басқа да салалары бойынша 11 жоба іске қосылуда. Арнайы аймақтарды инфрақұрылым жүйелерімен қамту, инвесторларды тарту бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.