ТҮРКІСТАН: Арыста 20 инвестициялық жоба іске асырылады

0
604

350-ден астам жұмыс орны ашылады.


ТҮРКІСТАН: Арыста 20 инвестициялық жоба іске асырылады

Арыстықтар өндіріс саласына ден қойып отыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Облыс орталығында Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова 9 ай көлемінде атқарылған жұмыстар бойынша баспасөз жиынын өткізді. Қала әкімінің айтуынша, жыл соңына дейін Арыста жалпы құны 19,4 млрд. теңгені құрайтын 20 инвестициялық жоба іске асырылып, 354 жұмыс орны ашылады.


«Биыл жүзеге асырылатын жобалар ішінен «Turkistan Agro KZ» ЖШС-ң «Жаңбырлатып суару және мал бордақылау алаңын» айтуға болады. 50 мың бас ірі қара малды бордақылауға арналған кешеннің жалпы құны – 8,7 млрд. теңге. Биыл бірінші кезеңде 25 мыңға арналған мал бордақылау алаңының құрылысын бастау жоспарланып отыр. Кешен толық іске қосылғанда 60 адам жұмыспен қамтылады. Бұдан бөлек ірі қара малды азықпен (жем, шөп) қамтамасыз ету үшін 4 500 гектар аумаққа жаңбырлатып суару әдісімен өнім алуға тағы 8 млрд. теңге инвестиция салынбақ. Бүгінгі таңда мал бордақылау алаңына қажетті инженерлік-инфрақұрылымын қамтамасыз ету мақсатында 54 шақырымдық жоғары кернеулі электр жарығы тартылған», - дейді қала басшысы.


Арыс қаласы аумағында іске асырылатын тағы бір маңызды жоба – «Mega-Agat» зауыты болмақ. Поливинилхлорид түйіршіктерін және қоспасын өндіретін, жылдық қуаттылығы 300 тоннаны құрайтын зауыт жобасының құны 500 млн. теңгені құрайды екен. Ал кәріз жүйелеріне арналған пластикалық құбырлар мен үй құрылысына арналған жабдықтар шығаратын зауыттың құны 800 мың АҚШ долларын құрайды екен. Мұнда тәулігіне 2500 метр пластик құбырлары өндірілмек. Сонымен қатар қала аумағында «Mega-Agat» серіктестігі ауқымды жобаның құрылысын бастаған. Ол – Арыс қаласындағы көліктік-логистикалық орталығы. Еуропаның «А» стандартына сәйкес келетін кешеннің артықшылығы – көршілес ТМД елдерінен бөлек, алыс-жақын Азия, Еуропа мемлекеттерімен тауар айналымын күшейту арқылы азық-түлік бағасын тұрақтандыруға септігі тигелі тұр. 6 гектар аумақта орналасқан нысанның көлемі – 15 000 шаршы метрді құрайды. Оның 3 мың шаршы метрі желдеткішпен жабдықталған көкөніс сақтауға арналған қойма болады. Ал қалған 12 000 шаршы метрінде қатты заттар сақталады. Одан бөлек қазіргі таңда Арыста құны 600 млн. теңгені құрайтын, сыйымдылығы 9 мың тоннаға шақталған астық сақтау қоймасының құрылысы жүргізіліп жатыр екен.


Арыс қаласы әкімінің сөзіне сүйенсек, қазір шаһарға инвестиция тарту жұмыстарына ерекше көңіл бөлінген. Осы ретте Гүлжан Құрманбекова бастаған арыстық делегация Қытай Халық Республикасына іс-сапармен барып, бірқатар зауыттарды аралап, маңызды келіссөздер жүргізген. Нәтижесінде келер уақытта арыстық кәсіпкерлер қытайлық компаниялармен бірлесіп, қағаз өнімдерін өндіру, пластмасса өңдеу, тұрмыстық қажеттіліктерге арналған өнімдер шығару, түсқағаздар мен санитарлық-гигиеналық қағаз бұйымдарын шығару бағытында өндірістік цехтар ашуды жоспарлап отыр.


Баспасөз жиынында қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау және жол инфрақұрылымын дамыту мақсатында ұзындығы 10 шақырымды құрайтын 33 қалаішілік көшеге қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқаны мәлім болды. Оған қоса Сырдария және Атамекен елді мекендеріндегі 22 көшеге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен жол салынған.


«Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында ауылдардың ажары артып келеді. Аталған бағдарлама аясында биыл екі ауыл округте 240 және 120 орындық кітапхана мен ауыл клубы ел игілігіне пайдалануға берілді. Бұдан бөлек, Атамекен елді мекенінде орналасқан 12 көшеге, Сырдария елді мекенінде 11 көшеге асфальт жол салынды. Қазіргі таңда, қаламызға қарасты Қожатоғай ауылы орталығынан заманауи Спорт кешені құрылысы жүргізіліп жатыр. Құны 200 млн теңгені құрайтын кешен «Ауыл ел бесігі» жобасы аясында бой көтеруде», - деді қала әкімі бұл жайында.


Жалпы Арыс қаласындағы облыстық маңызы бар жолдардың ұзындығы 288 шақырымды құрайды екен. Оның 56,7 шақырымы аудандық және 188 шақырымы қалаішілік жолдар.