ТҮРКІСТАН: Арыста 240 орындық мәдениет үйі ашылды

0
592

Екі қабаттан тұратын рухани орда заманауи үлгіде салынған.


ТҮРКІСТАН: Арыста 240 орындық мәдениет үйі ашылды

Арыс қаласына қарасты Ақдала ауыл округінің орталығынан заманауи үлгідегі ауыл клубы мен кітапхана кешені пайдалануға берілді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Бүгін Арыс қаласына қарасты Ақдала ауыл округінің орталығынан заманауи үлгідегі ауыл клубы мен кітапхана кешені пайдалануға берілді. Жаңа мәдени ошақтың ашылуына Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова мен қалалық мәслихат төрағасы Қайрат Ахметов, қалалық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Тәңірберген Әсіл, зиялы қауым өкілдері мен ауыл тұрғындары қатысты.


Екі қабаттан тұратын рухани орда заманауи үлгіде салынған. Бірінші қабатында 240 адамға шақталған көрермен залы орналасқан. Сондай-ақ түрлі үйірме сыныбы, қызметкерлер кабинеті мен гардероб, жуынатын бөлмелер бар. Екінші қабатында оқу залы, компютерлік бөлме, демалыс залдары мен қызметкерлер кабинеттері барлық керекті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Тіпті мүгедектігі бар азаматтар үшін жедел саты жүйесі іске қосылған.


Жаңа нысанның ауласы да талапқа сай абаттандырылған. Мұнда орталықтандырылған жылу қазандықтары қойылған. Ағаштар отырғызылған. Демалыс орындары, бастырмалар мен күл-қоқыс шығаратын орындар да қарастырылған. Өнерге қанат қаққан ауыл жастарының талабын шыңдап, түрлі мерекеде халыққа рухани азық сыйлау мақсатында жаңадан бой көтерген мәдениет ошағы аумағы 1217,63 шаршы метрді құрайды.


Ашылу салтанаты барысында ауыл тұрғындарына қалалық мәдениет үйінің шығармашылық ұжымы дайындаған концерттік бағдарлама ұсынылды.


Айта кетейік, жергілікті тұрғындардың ұсынысымен 240 орындық Мәдениет үйінің құрылысы өткен жылы басталып, биыл ел игілігіне беріліп отыр. Жаңадан бой көтерген мәдени ошақ жергілікті тұрғындардың ұлттық өнермен сусындауына, талантты жастардың талабын шыңдауға мүмкіндік бермек.