Қала және ауылдық округтерде санитарлық тазалық іс-шарасы өтті.
Арыста 1 күнде 7 мыңнан астам ағаш отырғызылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Сенбілік – қоршаған ортаны қоқыс қалдықтарынан тазартып, ағаш көшеттерін отырғызып халықты ауызбіршілікке шақыратын игілікті іс. Қаланы көгалдандыру, таза қалаға айналдыру – қала әкімі Гүлжан Құрманбекованың басты назарында.
Жуырда ғана "Парасат" пікірталас клубының отырысында сөз сөйлеген қала әкімі бабаларымыз Әз-Наурыз келгенде бұлақтың көзін ашып, ағаш отырғызуды дәстүрге айналдырғанын атап өткен.
"Туған жерді және оның табиғатын қадірлеу — азаматтық парызымыз десек, өзіміз тұратын ауламызға тал егіп, туып-өскен аймағымызды көгалдандыру өмір салтына айналуы тиіс деп білемін. Қаламызды көгалдандыру, тазалығын сақтау жұмыстарына Арыс халқын белсене араласуға шақырамын", — деген болатын Гүлжан Мамытқызы.
Осы ретте бүгін қала және ауылдық округтерде санитарлық тазалық іс-шарасы өтті. Оған әкімдік қызметкерлері, мемлекеттік мекемелер, кәсіпорын ұжымдары мен қала тұрғындары біркісідей атсалысып, өз аумақтарында тазарту жұмыстарын жүргізіп, тал отырғызды.
Сенбілікте қалада орналасқан барлық мекемелер мен бөлімдер өздеріне бекітілген көшелерді тұрмыстық қалдықтардан тазартты. Игі шара барысында жол жиектері және арық жүйелері қатты қалдықтардан, арам шөптерден тазартылып, арнайы техникалардың көмегімен бірнеше тонна қоқыс шығарылды.
Жалпы 3000 мыңнан астам тұрғын қатысқан сенбілікте 7 мыңнан астам ағаш көшеттері отырғызылды. Олардың дені жазда сая, қыста қамсау болатын қарағаш, павлония, алма ағаштары. Көшеттерді "Жасыл Арыс" КММ әкеліп, таратқанын айта кеткен жөн.
Ағаштардың басым бөлігі орталық көшелер мен қалаға кіреберіс Арыс-Шымкент трассасы бойына, Арыс-Монтайтас тас жолына, Барыс, Көктем тұрғын ауданына сондай-ақ ауылдық округ аумағында отырғызылды.
Айта кетейік, «Жеңіс Азиз LTD» фирмасы мен «Qazaq Technology» ЖШС басшылары жүздеген көшет беріп, демеушілік танытса, «Қолғабыс» қайырымдылық қорының еріктілері 300-ден астам ағаш отырғызу шұңқырларын дайындады.