ТҮРКІСТАН: Арыста асарлатып үй салу үшін жер учаскесі бөлінеді

0
751

Салынған үйлер көмекке мұқтаж әрі баспанасыз жүрген отбасыларға беріледі.


ТҮРКІСТАН: Арыста асарлатып үй салу үшін жер учаскесі бөлінеді

Арыс қаласында қайырымдылық қоры есебінен тұрғын үй салу үшін жер учаскесі бөлінетін болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың шұғыл тапсырмасына орай, қайырымдылық қоры есебінен тұрғын үй салу үшін жер учаскесі бөлінетін болды. 10 соттық жер учаскесіне салынған үйлер көмекке мұқтаж әрі баспанасыз жүрген отбасыларға беріледі.


«Маған қаламызда жақында ғана қызметін бастаған «Қолғабыс» қорының өкілдері жер болса, үй салып беруге әзірміз деп хабарласты. Құрылыс материалдарын қамтамасыз етуге ниетті кәсіпкерлер де жоқ емес екен. Ендеше, осындай игі істі әкімдік тарапынан заң талаптары шеңберінде шешіп беруіміз керек», – деді Гүлжан Мамытқызы.


Қала әкімі бұл мәселеге қатысты жер қатынастары бөлімінің басшысы Ерғали Қуандық пен құрылыс бөлімінің басшысы Темірхан Сатыбалдыға жедел түрде үй салуға лайықты 2-3 жер учаскесінің мәселесін шешуді тапсырды. Өз кезегінде жауапты мамандар тез арада құжаттамалық тәртіпке сай заңды жер бөлуді бастап кетті.


Айта кетейік, Арыс қаласының аумағында көмекке мұқтаж әрі баспанасыз көп балалы отбасыларға қол ұшын созумен айналысатын «Қолғабыс» қоғамдық қоры маусым айында қызмет көрсетуді ресми түрде бастады. Қордың қолдауымен қалада әлеуметтік дүкен де іске қосылды. Ол жерде мұқтаж жандарға киім-кешек пен тұрмыстық заттар және азық-түлік себеттері тізім бойынша тегін үлестіріледі.


«Қолғабыс» қорының төрағасы Сырлыбек Мұсабековтің айтуынша, қор өкілдері әлеуметтік қиын жағдайдағы жандарға көмектесумен ғана шектелмей, отбасылық құндылықтарды дәріптей отырып, қаладағы ардагерлер кеңесімен де етене жұмыс жүргізуде. Яғни, қоғамдық мәселелер мен дау-жанжалдардың оң шешілуіне де атсалысуда.


Сонымен қатар, белсенді жастарды бір мақсатқа жұмылдыру арқылы «Эко-Арыс» жобасын қолға алуда. Ол жерде жастар босаған пластикалық құтыларды өткізуден түскен қаржыны қажетке жаратып, тұрмысы төмен отбасыларға көмектеседі.