ТҮРКІСТАН: Арыста қордаланған мәселелерді шешу жолдары қаралды

0
577

Әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделенеді.


ТҮРКІСТАН: Арыста қордаланған мәселелерді шешу жолдары қаралды

Арыс қаласының қордаланған мәселелерін шешу жолдары қаралды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысындағы әрбір аудан, қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы тұрақты түрде зерделенеді. Қоғаммен кері байланыс жолға қойылады. Қызметіне сәйкес келмейтін басшылар мен мемлекеттік қызметшілерге шара көріледі. Тұрғындармен есептік кездесулерінде осылай деген Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды осы бағыттағы жұмыс сапарын Арыс қаласында жалғастырды. Облыс әкімінің төрағалығымен өткен мәжілісте Арыс қаласының өзекті мәселелерін талқылады.


Халықпен алғашқы жартыжылдықтағы кездесулерде көтерілген мәселелердің шешу жолдары, мемлекеттік бағдарламалардың орындалу барысы сараланып, Дархан Сатыбалды тарапынан қала әкіміне тиісті тапсырмалар берілді.


Арыстың даму барысы талқыланған мәжілісте Дархан Сатыбалды қала әкіміне шаһарға инвестиция тарту, кәсіпкерлерге қолдау көрсету, тұрғындарға мемлекеттік бағдарламалар мен жеңілдіктер туралы ақпарат беру, индустриалды аймақты дамыту, ауыл шаруашылығын жандандыру, инфрақұрылымды жақсарту, газбен қамтамасыз ету жұмысын жеделдету, білім саласын жаңғырту және өзге де мәселелер бойынша жұмыс атқаруды тапсырды. Басқарма басшыларымен бірлесе еңбек етуді жүктеді. Әрбір орынбасар мен бөлім басшыларының уәждері тыңдалды.


Мәжілісте Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова 2022 жылы атқарылған жұмыстар бойынша есеп берді. Барлық саладағы көрсеткіштер баяндалып, қаржыны талап ететін жобалар ортаға салынды.


Түркістан облысы әкімінің орынбасары Бейсен Тәжібаев Арыс қаласы бойынша білім, мәдениет, спорт, ішкі саясат, дін салаларындағы өзекті мәселелерге тоқталып, шешу жолдарын ұсынды. Балабақшаларда жүргізілген мониторинг анықтаған бірқатар кемшіліктер бойынша қолға алынатын шараларды баяндап берді.


Түркістан облысы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов былтыр қалада бірқатар негізгі көрсеткіштер орындалмағанына тоқталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына тартылған инвестициялар көлемі 63,4 пайызға ғана орындалған. Пайдалануға берілген тұрғын үйлердің жалпы алаңы азайған. Бюджет көлемінде өзіндік кірістер үлесі кеміген. Арыс қаласындағы облыстық маңызы бар «Сарыкөл-Қожатоғай» автомобиль жолының бойындағы «Сырдария» өзенінің жағалауында заңсыз карьер жұмыс істеп тұр. Бұл жағдай қолданыстағы жолдың шайылып кету қауіпін туындатуда. Тасжолдарда ауыр салмақты жүк көліктерін шамадан тыс жүк артып жүру салдарынан жолдың жүріс бөлігі бұзылып, жарамсыз жағдайға жетуде. Отырыста өзге де салалар зерделеніп, өзекті проблемалар қозғалды.


«Бүгін біз Арыс қаласындағы өзекті мәселелерді талдауға және олардың шешу жолдарын қарастыру үшін жиналып отырмыз. Заң бәрімізге ортақ, талап та қатты болуы тиіс. Қалада шешімін таппаған мәселелер көп. Экономикалық, әлеуметтік салалар бойынша, сондай-ақ, инфрақұрылым бойынша атқарылып жатқан жұмыстарда кемшіліктер көп. Оларды жою үшін бір ай мерзім беремін. Мемлекеттік кірістер басқармасымен бірлесе қала бюджетінің түсімдерін ұлғайтуды қолға алыңыз. Қаланың дамуы бойынша басты бағыттарды белгілеп, даму жоспарын әзірлеп, қаланың инвестициялық климатын жақсарту қажет. Білім саласындағы өзекті мәселелерді жүйелі түрде шешуге күш салу керек. Жаңа өндіріс орындарын ашып, тұрғындарды жұмыспен қамтамасыз етуге басты назар аударуды тапсырамын. Оның ішінде жастарға ерекше назар аударылсын. Заңсыз карьерлерге тосқауыл қоюды күшейту қажет», – деген Дархан Сатыбалды кемшілікке жол берген басшыларға ескерту берді.


Жаңа форматтағы кездесулер алдағы уақытта барлық аудан, қалаларда жалғасады. Облыс әкімінің басшылығымен мәселелер ашық айтылып, шешу жолдары қаралады.


Жұмыс сапарында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды бірқатар әлеуметтік маңызы бар нысандарын аралап көрді. «Нұра топтық су құбыры» РМК «Оңтүстікауызсуфилиалы» Арыс топтастырылған су жүйесі өндірістік бөлімшесінің ескі су қоймасында болды. Шаһар тұрғындарын таза ауыз сумен қамту бойынша жаңа жобалармен танысты. 1904 жылы салынған ескі су айдау станциясы арқылы 17 мыңнан астам тұрғын сумен қамтамасыз етіледі. Заманауи су тазалау станциясы 31 мың халыққа таза су жеткізуге қауқарлы. Жоба реслубликалық қарауға жолданылмақ.


Сондай-ақ облыс басшысы «Арыс Жылу» КМК орталық қазандығының жұмысымен танысты. Ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі алдағы уақытта қаралады.