ТҮРКІСТАН: Арыста саябақ саны көбейеді

0
984

9 нысанның жобасы қаралды.


ТҮРКІСТАН: Арыста саябақ саны көбейеді

Арыс қаласын абаттандыру мақсатында бірқатар жобалар жүзеге асырылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекованың бастамасымен Арыс қаласын абаттандыру, көгалдандыру, жалпы қаланың сәулеттік келбетін келістіру жұмыстары жан-жақты жүргізіліп жатыр. Осы орайда қала басшысының төрағалығымен әкімдік жанындағы сәулеттік келбетті жақсарту жөніндегі жұмысшы топтың мәжілісі өтті. Жиында Арысты ажарландыра түсетін 9 нысанның жобасы қаралды.


«Бүгінде қала жаңа леппен, жаңа қарқынмен дамуда. Қаланың сәулеті, әсемдігі мен көркі архитекторларға тікелей байланысты. Кез-келген құрылыс нысанын салғанда кеңес мүшелері бір кісідей атсалысуы қажет. Сәулеттік-көркемдік шешімдерді нақтылау барысында қателіктер жібермей, тұрғындарға қолайлы орта қалыптастыру маңызды», - дейді Гүлжан Мамытқызы.


Сондай-ақ, қаланың бас сәулетшісі Нұрғиса Жанбатыр баяндама жасап, жобаларды кеңінен таныстырды. Қаланың сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында 2021 жылы атқарылған жұмыстарға тоқталған ол, биыл жоспарланған құрылыс нысандарының эскиздік жобаларын ұсынды.


Атап айтқанда, Көктем-2 тұрғын ауданында салынатын «Жұлдыздар» аллеясы; Сырдария елді мекенінде орналасқан скверді «С.Адамбеков саябағы» жобасына ауыстыру және қайта абаттандыру жобасы; «Қасірет» мемориалын қайта абаттандыру; Дермене ауылдық округіне қарасты, Қызылкөпір елді мекенінде орналасқан тарихи көпір айналасын абаттандыру жобасы; Арыс-Шардара, Арыс-Монтайтас тас жолының қиылысын абаттандыру және кіші сәулеттік пішіндер жобасы; Қала аумағындағы көше бойын көгалдандыру, абаттандыру; «Жеңіс» сквері аумағындағы бос жақан жерді абаттандыру; Пайдаланудағы «Арбат» аллеясының маңын абаттандыру және Ақынбеков көшесі бойында орналасқан сквер аумағына «И.Ақынбеков» бюстін орналастыру.


Аталған жобалар жұмысшы топ мүшелерімен егжей-тегжейлі талқыға салынып, ұсыныс-пікірлер айтылды. Ал, мәжіліс қорытындысында аталған жобалар биылдан бастап жүзеге асырылатын болып шешілді.