Тұрғындар бұған дейін тиісті бөлімдерге бірнеше рет шағымданған.
Арыс әкімі шағымданған тұрғындардың мәселесіне қатысты шұғыл тапсырма берді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Арыс қаласының әкімі Гүлжан Құрманбекова «Nur Otan» партиясының кеңсесінде азаматтарды жеке өтініші бойынша дәстүрлі қабылдау өткізген. Тиісті сала тізгінін ұстаған жетекшілер мен бөлім басшылары және мүдделі мекеме мамандары қатысқан шараға алдын ала 11 адам жазылып, 9 тұрғынның мәселесі талқыланды.
Соның бірі – Дермене ауылының тұрғыны Сәрсенбай Әбжан үйін жөндеуден өткізу бойынша мәселесін жеткізді. Сонымен бірге, ол Ш.Уәлиханов көшесіндегі 48 үй мен сол маңдағы 14 баспанаға электр жарығының тартылуы талапқа сай еместігін айтқан. Бір қызығы, зейнеткер бұған дейін тиісті бөлімдерге бірнеше рет шағымданғанымен, өз деңгейінде жұмыс жүргізілмеген екен. Осыған орай, жиынға қатысып отырған жауапты мамандар мен шағымданушы тараптардың уәжіне құлақ асып, мәселені шешуге қатысты шұғыл тапсырма берілді.
"Қала әкімінің орынбасары Ерлан Есқараев бастаған тұрғын үй коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары бөлімінің, Дермене ауылдық округі әкімінің және электр жарығын таратумен айналысатын сала қызметкерлерінің атсалысуымен бағаналар орнатып, жарық тарту жайы жедел шешілетін болды", - делінген әкімпдік ақпаратында.
Ал, зейнеткер С.Әбжанның баспанасын жөндеуден өткізуге қатысты тиісті ұсыныс арнайы комиссия шешімімен облысқа жолданады.