130-ға жуық әскери қызметші әскери бөліммен қоштасты.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығында қызмет еткен сарбаздар үйлеріне қайтарылып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Жауынгерлік тумен қоштасу салтанатты рәсімі «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының механикаландырылған бригадасында өтті. Бұл күні әскери қызметтің белгіленген мерзімін өтеген 130-ға жуық әскери қызметші 365 күн өмір сүрген әскери бөліммен қоштасты. Сарбазадарды қызметтерінің аяқталуымен механикаландырылған бригада командирі подполковник Нүркен Қарағұлов құттықтады. Бөлім басшылығы, офицерлер және келісімшарт бойынша әскери қызметшілер атынан ол әскери қызметшілердің жоғары рухани–адамгершілік және патриоттық қасиеттерін қалыптастырғанына сенім білдірді.
«Сіздердің әрқайсыларыңыз кез келген уақытта Отанды қорғауға дайын екендеріңе сенімдімін. Мен әскери өмірін аяқтап жатқан барлық сарбаздарға, бір жыл бойы олармен бірге болған барлық офицерлер мен сержанттарға алғысымды білдіргім келеді. Ата-аналарыңызға нағыз Отан қорғаушыларды тәрбиелегені үшін ризашылығымды білдіремін», - деп атап өтті подполковник Нүркен Қарағұлов.
Ал, «Қарулы Күштер Ардагерлері» РҚБ қалалық филиалының төрағасы полковник Серікбай Онбаев сарбаздарға алдағы уақытта таңдаған салаларында сәттілік тіледі.
«Сарбаздар сіздерге алдағы өмірде өз қабілеттеріңізді дұрыс қолдана отырып, туыстарыңыз бен жақындарыңыз үшін нағыз тірек боласыз деп сенемін. Сіздер Отанымыздың гүлденуі үшін қолдарыңыздан келгенінше еңбектенетіндеріңізге сенім артамын», - деді ардагер.
Сондай-ақ, үлгілі әскери тәртіп, жауынгерлік даярлық пен қызмет етуде көрсеткен жақсы нәтижелері үшін сарбаздар алғыс хаттармен және грамоталармен марапатталды.