ТҮРКІСТАН: Ассамблея өкілдері шардаралық жастармен жүздесті

0
1 719

Кездесуде ел демографиясының өсуіне өзіндік үлесін қосқан 17 көпбалалы аналарға азық-түлік себеттері мен күнделікті тұтыну заттары табыс етілді.


ТҮРКІСТАН: Ассамблея өкілдері шардаралық жастармен жүздесті

Ассамблея өкілдері «Шардара» колледжіне ат басын тіреп, жастармен кездесу өткізді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Қазақстан Халқы Ассамблеясы Түркістан облыстық филиалының мүшелері Шардара ауданына жасаған іс-сапары барысында “Шардара” колледжінде болып, жастармен жүздесті.

Жастардың өзге ұлт өкілдерінің өміріне, мәдениетіне, салт-дәстүріне, әдет-ғұрпы мен ұлттық өнеріне қызығушылығын қалыптастыру мақсатында өткен басқосуға Түркістан облысының шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы, Ассамблея мүшесі Бациев Хасан Шаевич, “Pro Mentor” ЖШС-нің директоры, облыстық “Қоғамдық келісім” КММ мүшесі Джамалов Асылбек Достмухамедович пен Шардара ауданы әкімінің міндетін атқарушы Шомпиев Бауыржан Қуанышбайұлы, “Жастар ресурстық орталығы” КММ басшысы Батыр Қалдарбек пен ардагерлер қатысты.

Жиын барысында қонақтар колледж жастарының қолөнер бұйымдары мен ұлттық тағамдар көрмесін аралап, қылқалам шеберлерінің туындыларымен танысты. Спорт, білім, өнер салаларында үлкен жетістіктерге жетіп жүрген жастардың концерттік бағдарламаларын тамашалады.

Студенттермен еркін пікірлескен топ мүшелері елдегі саяси тұрақтылық пен ұлтаралық тыныштықтың нығаюы, сақталуы жолында Ассамблея тарапынан атқарылып жатқан жұмыстармен таныстырды. Жастарды ынтымағы ұйыған елдің берекесін сақтауға, елдің болашағы үшін адал еңбек етуге шақырды.

“Бүгінде еліміз әлем елдері алдында бейбітсүйгіш, ынтымақтың құт мекені ретінде танылып, үлгі болып отыр. Өйткені, түрлі ұлттар мен ұлыстар мекендеген Қазақстанда бәрінің этно-мәдени орталықтары бар. Олардың өз тілдерінде білім алып, тарихын оқып-білулеріне, мәдениетін дамытуларына толық жағдай қарастырылған, мүмкіндіктер жасалған”,- дейді аудан әкімінің міндетін атқарушы Бауыржан Қуанышбайұлы.

Кездесу соңында ел демографиясының өсуіне өзіндік үлесін қосқан 17 көпбалалы аналарға азық-түлік себеттері мен күнделікті тұтыну заттары табыс етілді.