Арнайы аппарат сіздің жеке мәліметтеріңізді анықтап, сол мезетте сізді деректер қорына тіркейді.
Түркістан халықаралық әуежайында «e-Gov Mobile» қосымшасының көмегімен цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі туды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Бұл қызмет түрін пайдалану үшін азаматтар алдымен «e-Gov mobile» жүйесіне тіркелу керек. Сол қосымшадағы «Цифрлық құжаттар» деректер сервисінде сақталған жеке куәліктің QR-кодын әуежайдың тіркеу бөлімінде орналасқан арнайы құрылғы арқылы сканерлесеңіз жеткілікті. Арнайы аппарат сіздің жеке мәліметтеріңізді анықтап, сол мезетте сізді деректер қорына тіркейді.
Мұндай мүмкіндік әзірге еліміз бойынша Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе, Шымкент және Түркістан қалаларындағы әуежайда ғана қарастырылған.
«Бұл әзірге пилоттық жоба ретінде іске асырылып жатқандықтан, азаматтарға жеке куәлігінің түпнұсқасын да өздерімен бірге алып жүргендері жөн. Жаңа жүйе сынақтан толық сәтті өткен соң жоба еліміздің басқа да қалаларында жүзеге асырылады деп күтілуде», – деді Түркістан облыстық цифрландыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Елнұр Өтебаев.