ТҮРКІСТАН: Ауыл мектептеріне арналған «Мың бала» олимпиадасы өтеді

0
711

«Мың бала» олимпиадасына қатысу ақысыз.


ТҮРКІСТАН: Ауыл мектептеріне арналған «Мың бала» олимпиадасы өтеді

Түркістан облысында ауыл мектептеріне арналған ұлттық зияткерлік «Мың бала» олимпиадасы өтеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


ҚР Оқу-ағарту министрлігі «El Umiti» қоры» корпоративтік қорымен серіктестікте бесінші жыл қатарынан 6 сынып оқушыларына арналған «Мың бала» ұлттық олимпиадасы өтпек. Білім бәйгесіне қатысудың шарттары жайында Түркістан облысы білім басқармасы басшысының орынбасары Жандос Нұрпейісов пен облыстық дарынды балаларды анықтау және қолдау орталығының директорының міндетін атқарушы Медет Байтуғанов баяндады.


«Мың бала» олимпиадасы – ауылдық жерлердегі дарынды балаларды анықтайтын және оларға қолдау көрсететін аса маңызды жобалардың бірі. Үш жыл ішінде олимпиадаға облысымыздың ауыл мектептерінде оқитын 75 мыңнан астам 6 сынып оқушысы қатысты. Олардың арасынан 474-і олимпиада жеңімпазы атанса, 202 оқушы дарынды балаларға арналған мектептерге қабылданды», - деді Жандос Нұрпейісов.


«Мың бала» олимпиадасына қатысу ақысыз. Биылғы «Мың бала» олимпиадасына тіркелу 10 ақпанда басталып 10 наурыз күні мәресіне жетпек. Сынға түскісі келген оқушыларды тіркеу «1000bala.elumiti.kz» сайтында өтеді.


«Мың бала» олимпиадасы - екі кезеңнен тұрады. I кезеңде онлайн форматта 5-10 сәуір аралығында «1000bala.elumiti.kz» сайтында тестілеуден өту қажет. Облыстар бойынша ең жоғары балл жинаған бес мың оқушы олимпиаданың II кезеңіне өтеді. Олимпиаданың екінші кезеңі - 24-26 сәуір аралығында өтеді. Бұл кезеңде қатысушыларға математикалық сауаттылық, қазақ тілі, орыс тілі, ағылшын тілі, жаратылыстану сынды пәндерден тестілеу болады. Тест 100 сұрақтан тұрады және 150 минутқа созылады», - деді Медет Байтуғанов.


Айта кетейік, үздік нәтиже көрсеткен оқушылар «Дарын», «БИЛ» және «РФММ» сияқты мамандандырылған мектептерде оқуға түсу мүмкіндігіне ие болады.