ТҮРКІСТАН: Бағаны тұрақтандырудың басым бағыттары талқыланды

0
561

Басты мақсат – нарықтағы бағаны тұрақтандыру.


ТҮРКІСТАН: Бағаны тұрақтандырудың басым бағыттары талқыланды

Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын реттеу мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда бағаны тұрақтандырудың басым бағыттары талқыланды.


Облыс басшысы азық-түлік тауарларының бағасын негізсіз өсіру фактілерінің жолын кесуді тапсырды. Сатылымдағы әрбір тауар бойынша жағдайды күнделікті бақылауда ұстап отыру керек. Бағаны тұрақтандыру бағытында жүйелі жұмыстарды жалғастырып, азық-түлік қорын ұлғайтуды жүктеді.


Облыс әкімінің төрағалығымен өткен апталық аппарат отырысында жауапты басқарма басшылары әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдері бағаларының өсуін болдырмауда қолданылып жатқан шаралар туралы кеңінен тоқталды.


«Баға тұрақтандыру ахуалын байыпты түрде бақылауда ұстау, оның негізсіз көтеріліп, бейберекет кетуіне тосқауыл қою аса маңызды. Бұл жұмыстарды ұдайы назарда ұстап, туындаған жағдайларға қатысты жедел шаралар көрілу керек. Оны қайталап айта берудің өзі артық. Мониторинг жүргізумен шектелмей, нақты нәтиже көрсетіңіздер», - деді облыс әкімі.


Бағаны тұрақтандырудың басқа тетіктерінің бірі - әлеуметтік дүкендердің санын арттыру. Өңірде 13 әлеуметтік дүкен қызмет етеді. Сонымен қатар қосымша заманауи форматтағы 37 дүкен іске қосылуда. Сонымен бірге 15 пайыздық үстемақыдан асырмау жөнінде қала аумағындағы 25 ірі сауда орындарымен меморандумдар түзілген. Міндеттемелердің сақталуына әкімдік тарапынан тұрақты мониторингтік бақылаулар жүргізілуде.


Нәтижесінде сауда үстемесінің шекті мөлшерін асыру, бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың бұзылуы бойынша нарық субъектілеріне қатысты шаралар қабылданып, азық-түлік тауарларының бағалары 7-10 пайызға төмендетілген.