ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте 40-тан астам малды ұрлаған күдікті қолға түсті

0
813

Жалпы келтірілген шығын көлемі 700 мыңға жуық теңгені құрайды.


ТҮРКІСТАН: Бәйдібекте 40-тан астам малды ұрлаған күдікті қолға түсті

Көршісінің қорасына ұрлыққа түсіп, 40-дан астам малды жымқырған күдікті құрықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Түркістан облысы, Бәйдібек аудандық полиция бөліміне Ордабасы ауданының тұрғыны арызданып, жайылымдағы қорасының ішінен малдарының ұрланғанын хабарлаған. Жалпы келтірілген шығын көлемі 700 мыңға жуық теңгені құрайды. Аталған жайт бірден аудандық полиция бөліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеуге алынып,сотқа дейінгі тергеп тексеру амалдары жүргізіледі. Осылайша полицейлер мал ұрлығын ашу мақсатында қораға келіп кеткен әрбір адамның, көліктің іздерін тексеріп, жақын маңдағы тұрғындар мен бақташылардан сұрастыру жұмыстарын жүргізіп, айғақты заттар іздей бастайды.

Екі күн бойы тыңғылықты жүргізілген істің нәтижесінде,жан-жақты жинақталған мәліметтер мен табылған айғақты заттарды саралай келе аталған іске күдікті көрші тұрған қораның жалдамалы қызметкері болып шығады. Бүгінгі таңда күдікті қамауда. Ол өзінің арам ойын іске асыру үшін көрші орналасқан қораның малдарына көзі түсіп, ешкім күдіктенбейді деген сеніммен ұрлық қылмысына барған.

Күдікті өз иесінің жұмысқа қажеттілік үшін пайдалануға берген «Газель» маркалы көлігіне ұрланған малдарды артып, Ордабасы ауданындағы мал базарға алып барып сатқан. Ұсталған азамат бұрын ұрлық және пәтер ұрлығы бойынша сотты болған. Сонымен қатар полицейлер күдіктінің аталған мал қораға түнгі уақытта екі рет ұрлыққа түскенін анықтады. Бастапқыда 17 бас ұсақ малды, ал содан кейін 25 малды жымқырған. Күдіктіге арам ісін іске асыру үшін көмектескен екі жас жігітке қатысты қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде.