ТҮРКІСТАН: Балабақша қызметкерлерінің жалақы қарызы төленеді

0
782

Тиісті қаржылар облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына толығымен бөлінді.


ТҮРКІСТАН: Балабақша қызметкерлерінің жалақы қарызы төленеді

Түркістан облысында балабақша қызметкерлерінің жалақы қарызы төленеді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


2022 жылғы 13 желтоқсанда Түркістан облыстық мәслихатының кезекті он тоғызыншы сессиясы өтті. Сессия жұмысында 24 мәселе қаралды.


Жетінші шақырылымдағы облыстық мәслихаттың кезекті он тоғызыншы сессиясының жұмысына облыс әкімі Сатыбалды Дархан Сатыбалды, облыс әкімдігінің мүшелері, қала, аудан әкімдері мен мәслихат хатшылары, облыстың мемлекеттік органдарының басшылары, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы, облыстық қоғамдық ұйымдар төрағалары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты. Сессия жұмысын облыстық мәслихат хатшысы Қайрат Балабиев жүргізді.


Сессияда Түркістан облысы бюджетінің кіріс бөлігін толықтыру және табыстың өсуінің жаңа резервтерін анықтау бойынша атқарылған жұмыстар туралы мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Еркін Елшібековтің және Түркістан облысы полиция департаментінің Түркістан облысында қоғамдық қауіпсіздікті және құқық тәртібін қамтамасыз ету бойынша атқарған жұмыстары туралы Түркістан облысы Полиция департаментінің бастығы Мұрат Қабденовтің есептері тыңдалды.


Сонымен қатар күн тәртібіндегі басты мәселелердің бірі «2023-2025 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» облыстық экономика және стратегиялық даму басқармасының басшысы Қ.Қайыпбек баяндама жасады.


Сессияда маңызды мәселенің бірі шешімін тапты. Ол – өңірдегі балабақша қызметкерлерінің жалақы қарызы. Тәрбиеленуші балалардың контингент санына байланысты жыл соңына қосымша қаржы қажеттілігі туындаған. Аталған мәселе облыс әкімінің бақылауына алынып, бүгінгі облыстық мәслихат сессиясында қаралды. Тиісті қаржылар облыстық адами әлеуетті дамыту басқармасына толығымен бөлінді. Берешек қаржылар бойынша төлем 2022 жылдың 25 желтоқсанына дейін жүргізілетін болады.


Депутаттар Түркістан облысы әкімдігінің дербес құрамындағы өзгерістерді келісу туралы мәселесін де қарады. Бұл ретте Түркістан облыстық мәслихатының 2022 жылғы 13 желтоқсандағы № 19/235-VII «Түркістан облысының басқару схемасы туралы» шешіміне сәйкес, Түркістан облысының әкімдігі Қаулы шығарды.


Бұдан былай «Түркістан облысының мәдениет басқармасы» мемлекеттік мекемесі және «Түркістан облысының туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесі біріктіру жолымен «Түркістан облысының мәдениет және туризм басқармасы» мемлекеттік мекемесіне;

2) «Түркістан облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы» мемлекеттік мекемесі және «Түркістан облысының еңбек инспекциясы жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесі біріктіру жолымен «Түркістан облысының бақылау жөніндегі басқармасы» мемлекеттік мекемесіне;

3) «Түркістан облысының кәсіпкерлік және сауда басқармасы» мемлекеттік мекемесі және «Түркістан облысының инвестиция және экспорт басқармасы» мемлекеттік мекемесі біріктіру жолымен «Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы» мемлекеттік мекемесіне қайта ұйымдастырылады.


2. «Түркістан облысының ауыл шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі:

1) «Түркістан облысының ауыл шаруашылық басқармасы» мемлекеттік мекемесі;

2) «Түркістан облысының ветеринария басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып бөліну жолымен қайта ұйымдастырылмақ.


Сонымен бірге «Түркістан облысының адами әлеуетті дамыту басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Түркістан облысының білім басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып; «Түркістан облысының қоғамдық денсаулық басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып аталады. «Түркістан облысының стратегия және экономикалық даму басқармасы» мемлекеттік мекемесі «Түркістан облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» мемлекеттік мекемесі болып қайта аталмақ.


Жиында сондай-ақ кадрлық өзгерістерге байланысты Түркістан облысы әкімдігі жанындағы бірқатар комиссиялар мен кеңестердің құрамына өзгерістер енгізілді.


Жалпы, сессия жұмысында қаралған мәселелер бойынша мәслихат депутаттары тиісті шешімдер қабылдады. Өз кезегінде облыс әкімі Д.Сатыбалды сессия жұмысын қорытындылап, мәслихаттың жұмысына табыс тіледі.