ТҮРКІСТАН: Белсенді ұзақ өмір орталығы бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетеді

0
876

Зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән тағы басқа үйірмелер қызмет етеді.


ТҮРКІСТАН: Белсенді ұзақ өмір орталығы бір мезетте 70 адамға қызмет көрсетеді

Дархан Сатыбалды түркістандық ақсақалдар мен ардақты әжелермен жүздесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.


Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды облыс орталығындағы Белсенді ұзақ өмір орталығының жұмысымен танысып, жергілікті ақсақалдармен кездесті. Іс - шараға зейнет жасында жүрсе де елдің ынтымақ - бірлігінің артуына үлес қосып, халыққа қызмет етіп жүрген қазыналы қариялар, ардагерлер кеңесінің, әжелер алқасының белсенді мүшелері қатысты. Зиялы қауым өкілдері мен қазыналы қарияларға арналып ақ дастарқан жайылып, құрмет көрсетілді.


Белсенді ұзақ өмір сүру орталығында зейнеткерлер барлық қызмет түрін тегін алады. Денсаулықтарын тексерістен өткізіп, бос уақытын тиімді пайдаланады. Зейнеткерлерге дәрігердің бақылауы мен кеңесі бойынша психологиялық көмек, тұзды бөлме, сенсорлық бөлме, массаж, сауықтыру-гимнастика, фитотерапия, ағартушылық кабинет, акт залы, кітапхана алаңы, бильярд және теннис ойын алаңы, қосымша би, ән тағы басқа үйірмелер қызмет етеді.


Жаңа инновациялық биоэнергетикалық ерекше массаж аппараты арқылы бірден 7 түрлі ем алуға болады. Қазіргі таңда Түркістанда 15 мыңға жуық зейнеткер бар. Орталықта күніне 70 адамға қызмет көрсету мүмкіндігі қарастырылған.


Кездесуде қала ақсақалдары өз ризашылықтарын білдіріп, ұсыныстарын жеткізді. Ел бірлігі, ұрпақ тәрбиесі, мәдениет, руханият туралы ойлар қозғалды.


Облыс әкімі өңірдің ынтымақ пен бірліктің нығайуына, қазақтың салт-дәстүрі мен әдет ғұрпының сақталуына және ұлттық тәрбиені өскелең ұрпақтың бойына сіңіруге белсене атсалысып жүрген қазыналы қарияларларға алғысын білдірді.


«Үлкенді сыйлау, құрмет көрсету – ата-бабадан келе жатқан салтымыз. Аталарымыздың өмірлік тәжірибелері мен ақыл-кеңестері, тәлім-тағылымдары – ұрпаққа ұлағат. Адамда негізгі екі қасиет болады. Біріншісі ол – адамгершілік, имандылық, мәдениет. Бұл қасиеттер тәрбиемен келеді. Екіншісі – білім. Білім мәдениетпен қатар жүруі тиіс. Жастарымызға дұрыс бағыт, дұрыс тәрбие берейік. Сіздердің өскелең ұрпақтың тәрбиесіне қосар үлестеріңіз мол. Бүгінгі ұсыныстарыңыз үшін рақмет. Оларды қарастырамыз. Белсенді ұзақ өмір сүру орталықтарының негізгі басымдықтарының бірі – қарттардың денсаулығын күту. Осында сіздер үшін жайлы жағдай жасалған. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша осындай орталықтар басқа аудандарда да ашылып жатыр. Бұл бағыттағы жұмыстарды тоқтатпаймыз», – деген Дархан Сатыбалды қарияларға жүрекжарды лебізін білдірді.